Иранның мемлекеттік телеарнасы Трампты өлтіруге ақша жинап жатыр ма

Фото: Depositphotos
Әлеуметтік желілерде Иранның мемлекеттік телеарнасы АҚШ президенті Дональд Трампты өлтіруге ақша жинап жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметтің қаншалықты рас екенін тексердік.

Иранда Дональд Трампты өлтірген адамға ақшалай сыйақы беру туралы бастамалар шынымен болған. Алайда мемлекеттік телеарнаның өзі бұл мақсатқа ақша жинап жатыр деуге негіз жоқ.
Euronews хабарлауынша, Иран парламентінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің төрағасы Эбрахим Азизи бұл бастама туралы Иранның мемлекеттік телеарнасының эфирінде мәлімдеген. Ол Дональд Трампты өлтірген адамға 50 миллион еуро көлемінде сыйақы беруді қарастыратын заң жобасы әзірленгенін айтқан.
Бұл ақпаратты басқа дереккөздер де растайды. IranWire 2026 жылғы 15 мамырда Азизидің Трампты өлтірген адамға 50 миллион еуро сыйақы беруді қарастыратын жоба әзірленгені туралы мәлімдемесін жариялады.
Iran International мәліметінше, заң жобасында бұл әрекетті жүзеге асырған жеке немесе заңды тұлғаға Иран үкіметінің 50 миллион еуро сыйақы төлеуі қарастырылған.
Алайда бұдан бөлек тағы бір науқан болған. 2026 жылғы наурызда Ирандағы ұялы телефон қолданушыларына Трампты өлтірген адамға сыйақы беруге арналған халықаралық науқанды қолдауға шақырған жаппай SMS-хабарламалар жіберілген.
Науқанға шамамен 290 мың адам қолдау білдіріп, жалпы сомасы 25 миллион долларға жуық қаражат беруге уәде еткен. Бірақ бұл сома нақты жиналған ақша емес. Науқан сайтындағы мәлімет бойынша, көрсетілген сома қатысушылардың беруге уәде еткен қаражатын білдірген.
Демек, әлеуметтік желілердегі ақпаратта екі бөлек оқиға араластырылған. Біріншісі — Трампты өлтірген адамға сыйақы беру үшін ұйымдастырылған науқан. Екіншісі — Трампты өлтірген адамға 50 миллион еуро төлеуді көздейтін заң жобасы. Соңғысы туралы Иран парламентінің өкілі мемлекеттік телеарна эфирінде мәлімдеген.


