NoFake

Құрылтай депутаттарына орысша сөйлеуге тыйым салынды ма

Мажилис РК

Фото: Mazhilis.kz

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Құрылтай депутаттарына орыс тілінде сөйлеуге тыйым салынды деген ақпарат тарады. NoFake.kz қолданыстағы заңнаманы тексеріп, мұндай тыйым қарастырылмағанын анықтады.

Елімізде тіл қолданысы мен оның мәртебесі Ата заңымыз – Конституциямен және арнайы заңнамалармен толықтай реттелген. Конституцияның І бөлім 9-бабында тілдердің қолданылу мәртебесі айқын бекітілген: Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Ал мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.

Бұдан бөлек, Конституцияның 16-бабының 2-тармағына сәйкес, республика азаматын, ел аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының  І тарауы, 5-бабында мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ және орыс тілдерінің тең қолданылатыны көрсетілген.

Түйін

Қолданыстағы заңнамада Құрылтай мүшелеріне тек қазақ тілінде сөйлеуді міндеттейтін немесе орыс тілінде сөйлеуге тыйым салатын норма жоқ. Сондықтан әлеуметтік желілерде тараған «Құрылтай депутаттарына орысша сөйлеуге тыйым салынды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Оқу үшін