Жалған инвестицияға ақша салған ақмолалық 10 млн теңгесінен қалай айырылды

Фото: Depositphotos
Ақмола облысының тұрғыны жалған инвестициялық платформаға сеніп, 10,2 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды. Бұл туралы Ақмола облысының Полиция департаменті хабарлады.
«Алаяқтық «FIBO Markets LTD» жалған инвестициялық платформасына тіркелуден басталған. Капиталын көбейткісі келген әйел өзін қаржы кеңесшілері ретінде таныстырған адамдардың нұсқауларын орындаған. Мамыр-шілде аралығында ол екі несие рәсімдеп, таныстарынан қарыз алып, жеке жинағын салған. Жалпы сомасы 10,2 млн теңгеден астам қаражат аударған», – делінген ПД хабарламасында.
Бір айдан кейін ғана әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға арызданған.
Полицияның мәліметінше, мұндай схемаларда алаяқтар шынайы инвестициялық сервистерге ұқсайтын сайттар мен платформалар жасап, жалған құжаттар мен «қаржы кеңесшілерін» пайдаланады. Алғашқы кезеңде салынған қаражаттан пайда түсіп жатқандай көрсетіп, жәбірленушіні инвестиция көлемін арттыруға көндіреді.
«Инвестиция салмас бұрын компанияның қызметін, ресми тіркелуін және лицензиясының бар-жоғын мұқият тексеру қажет. Белгісіз адамдардың кеңесімен инвестиция үшін несие рәсімдеуге немесе қарыз алуға болмайды», – деп ескертті Ақмола облысының Полиция департаменті.
Сондықтан ақша аудармас бұрын платформаның заңды жұмыс істейтінін және тиісті лицензиясының бар-жоғын тексерген жөн.


