Қарағанды облысындағы дала өртіне қатысты соңғы ахуалды әкімдік мәлімдеді

Фото: Gov.kz
Қарағанды облысында табиғи өрттерге байланысты жағдай тұрақты бақылауға алынды. Қарқаралы ауданында екі адам күйік алып, ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұл туралы облыстық әкімдік мәлімдеді.
Әкімдіктің мәліметінше, дала өрті Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында тіркелген. Өрт ошақтарын оқшаулау және толық сөндіру жұмыстарына 620 адам мен 134 техника жұмылдырылды.
«Өрт ошақтарын оқшаулап, толық сөндіру, сондай-ақ елді мекендерді қорғау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде», – деді Қарағанды облысы ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.
Қарқаралы ауданының Жаңатоған ауылы маңында әуеден барлау жүргізілді, жаңа өрт ошақтары анықталмады. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өртті сөндіру жұмыстарын қатты жел қиындатып отыр. Қарқаралы ауданында 1989 және 1970 жылы туған екі ер адам медициналық көмекке жүгінген. Бірінің денесінің 10%-ын, екіншісінің 20%-ын күйік шалған. Екеуінің де жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.
Жаңатоған ауылы маңындағы өртке қарсы жұмыстарға 159 адам мен 52 техника тартылды. Бесоба ауылы маңындағы қыстаулар жанында болған үш өрт толық сөндірілген. Ақтоғай және Шет аудандарындағы өрт ошақтары да сөндірілді. Қазір облыстық ТЖД-де жедел штаб жұмыс істеп, өңірдегі жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.


