NoFake

Қазақстанда үй жануарларына жеке куәлік беріле бастады ма

Коллаж: NoFake.kz

Әлеуметтік желілер мен шетелдік БАҚ-та Қазақстанда үй жануарларына жеке куәлікке ұқсас цифрлық паспорт беріле бастағаны туралы ақпарат тарады. Алайда желіде жарияланған құжаттың суреті шынайы емес, деп хабарлайды NoFake.kz.

Скрин instagram.com/oblako.uz парақшасынан

Тараған сурет Қазақстан азаматының жеке куәлігіне ұқсатып жасалған. Онда мысықтың фотосы қойылып «Стрякина Кэсси Алиновна» деген аты-жөні, туған күні, ЖСН-ға ұқсас нөмірі және «Алматы облысы» деген мәлімет көрсетілген.

Жарияланымдарда Қазақстанда үй жануарларына осындай цифрлық паспорт рәсімделе бастағаны айтылған. Ақпаратты ресейлік және өзбекстандық БАҚ-та таратқан. Қазақстанда үй жануарларына арналған цифрлық паспорт шынымен бар. Бірақ ол желіде тараған «жеке куәлікке» ұқсамайды.

Ресми орган түсіндірмесі

NoFake.kz сауалына жауап берген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (ҰАТ) үй жануарларының цифрлық паспорты eGov Mobile қосымшасында 2025 жылдың мамырында іске қосылғанын мәлімдеді.

«eGov Mobile қосымшасында «Үй жануарының цифрлық паспорты» цифрлық құжаты шынымен қолжетімді. Бұл цифрлық құжат 2025 жылдың мамырында іске қосылған. Алайда оның сыртқы көрінісі «мысықтарға арналған ХҚКО» туралы жарияланымдарда көрсетілген нұсқадан өзгеше», – деп хабарлады ҰАТ.

Ресми цифрлық паспорттың қандай болатынын eGov.kz бұған дейін өзінің ресми парақшасында жариялаған. Ол адамның жеке куәлігі форматында жасалмаған және eGov Mobile қосымшасында цифрлық құжат ретінде көрсетіледі.

Фото: Egov.kz

Паспортта үй жануары туралы мәліметтер қамтылады. Оның ішінде жануардың аты, туған күні, тұқымы, түсі мен жынысы туралы ақпарат бар. Қорыта айтсақ, Қазақстанда үй жануарларының цифрлық паспорты бар. Ол eGov Mobile қосымшасында 2025 жылдың мамырынан бері қолжетімді. Ал желіде тараған, адамның жеке куәлігіне ұқсатып жасалған мысықтың «құжаты» – ресми цифрлық паспорт емес.

Оқу үшін