Астанада қазақ мектебін ашуға қатысты желіде тараған видео – ескі

Коллаж: NoFake.kz
Әлеуметтік желіде Астанадағы №93 мектепте қазақ сыныбын ашуға ата-аналардың қарсылық білдіргені туралы видео қайта тарады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Соңғы күндері бұл видео Threads және Instagram желілеріндегі ақпараттық парақшаларда қайта жарияланып, қолданушылар арасында қызу талқыланып жатыр. Кейбір жазбаларда видеоның қашан түсірілгені көрсетілмегендіктен, оқиға қазіргі уақытта болып жатқандай берілген.
Алайда Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз өкілі әлеуметтік желідегі жарияланымдардың біріне пікір қалдырып, видеоның түсірілген уақытын нақтылады.
«Бұл видео 2022 жылы түсірілген. Бүгінде аталған №93 мектеп-лицей қазақ тілінде білім беретін мектеп ретінде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдейміз», – деді басқарма өкілі.
Аталған жағдай 2022 жылы да қоғамда қызу талқыланған. Сол кезде педагог Аятжан Ахметжанұлы мектептегі ата-аналар жиналысы туралы жазып, қазақ сыныбын ашу мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.


