NoFake

Cайлау бюджеті қалай жасақталады: сарапшы түсіндірді

Коллаж: Nofake.kz

Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында көпшілікті «сайлау бюджеті қалай жасақталады?» деген сауал жиі мазалайды. Nofake.kz аталған сұрақтың жауабын экс Мәжіліс депутаты, білікті қаржыгер Омархан Өксікбаевтан сұрап білді.

Желі қолданушылары не дейді?

Көпшілік арасында әсіресе, сайлау алды кезеңде «партиялардың үгіт науқанына қаражат қайдан алынды?» деген сауал жиі талқыланған.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Осыған орай, алдымен сайлау бюджеті қалай қалыптасады деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Қазақстанда сайлауды өткізу бюджеті расымен республикалық бюджет есебінен жасақталады. Бюджеттің жасақталу тәртібі ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында белгіленген. Сондай-ақ, сайлауды өткізу шығындары «ҚР 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» заңда белгіленген. Алайда бұл қаражаттан партиялардың үгіт науқанына кететін қаржы толығымен жұмсалады деген түсінік — қате. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы — сайлау комиссияларының жұмысына, бюллетеньдер мен өзге де сайлау құжаттарын дайындауға, ақпараттық қамтамасыз етуге және басқа да ұйымдастыру шараларына жұмсалады. Ал саяси партиялар мен кандидаттардың сайлауалды үгіті — өздерінің сайлау қорларындағы қаражаты есебінен жүргізіледі. Ол қаражатты БАҚ-та жарнама орналастыруға, үгіт материалдарын дайындауға және басқа да науқандық шығындарға пайдалануға болады. Сондықтан сайлауға мемлекеттен бөлінген жалпы бюджет пен партиялардың үгіт-насихатқа жұмсаған қаражатын бір қаражат ретінде қарастыруға болмайды.

Кезекті, кезектен тыс сайлау деген не және оның бюджеті қалай тағайындалады?

Осы ретте, экс-мәжіліс депутаты, қаржыгер Омархан Өксікбаев сайлау бюджетінің қалай жасақталатынын түсіндіріп берді.

«Сайлауды өткізуге бөлінетін қаражат республикалық бюджетте қарастырылуы да, қарастырылмауы да мүмкін. Егер кезектен тыс сайлау болса, республикалық бюджет қалыптасқан кезде, резерв деген болады. Сол резервтен, Үкімет өз қаулысымен ақша бөледі. Ал, кезекті сайлау болса, бюджетті жоспарлаған кезде, сол уақытта сайлауға да ақша салынады», — деді ол.

Қосымша резерв дегеніміз не және ол ақша қайда жұмсалуы мүмкін?

«Үкімет бюджетті жасақтаған кезде төтенше, жоспарланбаған жағдайға деп салатын қосымша резерві болады. Ол Үкіметтің тікелей шешімімен қолданылатын ақша. Сол қаражаттан төтенше немесе жоспарсыз дүниеге бөліп береді. Құрылтай сайлауына да қаражат сол резервтен бөлінуі мүмкін», — деп түсіндірді ол.

Сайлау кезеңінде партияны қолдау үшін бюджеттен мүлдем қаржы бөлінбейтіні рас па?

Омархан Өксікбаевтан «сайлау кезінде партияларды қолдау үшін, республикалық бюджеттен қаражат бөліне ме?» деп сұрап көрдік.

«Жоқ, сайлау кезінде партияларды қолдау үшін, бюджеттен 1 теңге де бөлінбейді. Егер партия жеңімпаз атанып, тек Құрылтайға кірсе ғана республикалық бюджеттен ақша бөлінеді. Ал, қазір сайлау алдындағы науқанға бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Партия үгіт жұмысына қаражатты өз қолдаушыларынан алады. Партияның қорын қалыптастыратын солар — өздерінің қолдаушылары. Яғни, сол партияның идеологиясын қолдайтын заңды, жеке тұлға болсын, солар өздері қаржыландырады», — деді ол.

Түйін

Осылайша, сайлауға республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат пен саяси партиялардың сайлауалды үгітіне жұмсайтын қаржысын бір ұғым ретінде қарастыруға болмайды. Мемлекеттік бюджет негізінен сайлау комиссияларының жұмысын қамтамасыз етуге, бюллетеньдер мен сайлау құжаттарын дайындауға, ақпараттық және ұйымдастырушылық жұмыстарға бағытталады. Ал партиялардың сайлауалды үгіті өздерінің сайлау қорлары есебінен қаржыландырылады. Кезекті сайлау шығындары бюджет жоспарланған кезде ескерілсе, кезектен тыс сайлау кезінде қажетті қаражат Үкімет резервінен бөлінуі мүмкін. Сондықтан «сайлауға бөлінген бюджет партиялардың үгіт-насихатына жұмсалады» деген түсінік дұрыс емес.

Оқу үшін