NoFake

Қазақстандықтардың деректері сатылымға шығарылды: ІІМ не дейді

Фото: gov.kz

Қазақстан азаматтарының дербес деректері сатылымға шығарылды деген ақпаратқа қатысты Ішкі істер министрлігі тексеру жүргізді. Ведомство әзірге eGov порталына заңсыз кіру немесе қол жеткізу деректері тіркелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

ІІМ мәліметінше, деректерді сату туралы хабарландырудың жариялану фактісі назардан тыс қалмаған.

«Қазіргі уақытта хабарландыруды орналастырған тұлғаны, ұсынылып отырған деректердің қайдан алынғанын, сондай-ақ оларды заңсыз алуға және таратуға қатысы бар барлық адамды анықтау бойынша қажетті шаралар қабылдануда», – деп хабарлады ІІМ.

Министрлік азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинау, өңдеу, сақтау және пайдаланудан қорғау Конституцияда көзделгенін атап өтті. Бұл талап цифрлық технологиялар арқылы жасалатын әрекеттерге де қатысты.

«Барлық қатысы бар тұлғаны анықтау үшін қажетті шаралардың бәрі қабылданады. Ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайды. Бұл жұмыс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», – делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін қазақстандықтардың дербес деректері сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тараған. Алайда қазіргі уақытта ІІМ eGov порталына заңсыз кіру фактісі анықталмағанын мәлімдеп отыр. Деректердің нақты қайдан алынғаны және хабарландыруды кім жариялағаны анықталып жатыр.

Оқу үшін