NoFake

«Анашым, көмектесші»: Полиция дипфейк арқылы жасалатын алаяқтық жайлы ескертті

Скрин видеодан

Елімізде жоғары технологияларды пайдаланатын алаяқтардың жаңа айла-тәсілі пайда болды. Құқық қорғау органдары жасанды интеллекттің көмегімен азаматтардың қаржысын жымқырып жатқан қаскөйлерден сақ болуға шақырады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Киберқылмыскерлердің алдау әдістері күн санап жетіліп келеді. Мамандардың айтуынша, қазіргі алаяқтар қарапайым телефон қоңырауларымен шектелмей, заманауи нейрожелілердің мүмкіндіктерін белсенді түрде қолдана бастады.

Нейрожелінің көмегімен жасалатын айла қалай жұмыс істейді?

Polisia.kz мәліметінше, қаскөйлер интернет кеңістігінен немесе әлеуметтік желілерден кез келген адамның дауысы мен видеожазбаларын жинап алады. Одан кейін арнайы бағдарламалардың көмегімен сол азаматтың көшірмесін – дауысын айнытпай қайталайтын аудио немесе тіпті экраннан қарағанда нақты адамнан айырмасы жоқ дипфейкін жасайды.

«Алаяқтар жасанды интеллект арқылы адамның дауысын және сыртқы бейнесін қолдан жасап, бейнеқоңырау кезінде жәбірленушіге өзін туысы немесе жақын адамы ретінде таныстыруы мүмкін. Әдетте олар шұғыл ақша қажет екенін айтып, қаражатты дереу аударуды сұрайды», — дейді тәртіп сақшылары.

Маңызды ескеретін жайт, әдетте алаяқтар жәбірленушіге кешкі немесе жұмыс уақытында хабарласып, ерекше үрей тудыратын хабар жеткізеді. Бейнеқоңырау кезінде арғы бетте отырған адам көз алдыңызда көз жасын көлдетіп немесе сасқалақтап: «Анашым немесе әкешым, мен көлік апатына түстім / полицияға түсіп қалдым, шұғыл түрде ақша керек!» деп көмек сұрайды. Дәл осы сәтте адамның ата-аналық сезімі мен уайымына әсер етіп, асығыстыққа итермелейді.

Қаржыңызды сақтайтын қауіпсіздік ережесі

Полиция департаменті азаматтарға осындай күмәнді жағдайларда ескерту жасап, 5 қарапайым қағиданы қатаң ұстануға кеңес берді.

«Шұғыл ақша аудару туралы өтінішке бірден сенбеңіз. Қоңырауды тоқтатып, жақын адамыңызға өзіңіз қайта хабарласыңыз. Отбасы мүшелерімен алдын ала құпия сөз немесе бақылау сұрағын келісіп алыңыз. Банк картасының деректерін, SMS-кодтар мен құпиясөздерді ешкімге бермеңіз. Күдік туындаса, полицияға хабарласыңыз», — деп ескертті мамандар.

Бұған дейін біз алаяқтарға алданған зейнеткер 17 млн теңгеге пәтерін сатқаны жайлы жаздық.

Оқу үшін