NoFake

Сайлау күні дауыс бермегені үшін айыппұл салынады — фейк

Фото: Depositphotos

Құрылтай депутаттарының сайлауы алдында «сайлауға қатыспаған азаматтарға салық салынады» деген ақпарат тарады. Аталған ақпараттың рас-өтірігін тексеу үшін Nofake.kz құзырлы ведомстволарға хабарласып көрді.

Аталған ақпарат рас па: желі неге шулады?

«Сайлауға қатыспағаны үшін, айыппұл төлеуі тиіс болады» деген ақпарат, әсіресе, Threads желісінде жиі талқыланған.

Скриншот: әлеуметтік желі

Кірістер комитеті не дейді?

Алдымен аталған ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін, Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетіне хабарластық.

«Сайлауға және сайлау процесіне қатысты барлық сұрақтарға Орталық сайлау комиссиясы жауап береді, бұл біздің құзыретіміздегі мәселе емес», — деген жауап алдық.

Орталық сайлау комиссиясының жауабы қандай?

Сонымен, «Сайлау күні оған қатыспағаны үшін, айыппұл салынатыны рас па?» деген сауалды Орталық сайлау комиссиясына қойып көрдік. Ондағылар бұл үшін қандай да бір айыппұл қарастырылмағанын, ақпараттың жалған екенін растады.

«Ақпараттық кеңістікте шынайы емес ақпаратты, оның ішінде сайлау процесіне қатысты мәліметтерді анықтау мақсатында мониторингті уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізеді. Мұндай ақпарат анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қабылданады. Оның ішінде ресми теріске шығару және түсіндірме жарияланады. Заңнама талаптарының бұзылу белгілері болған жағдайда тиісті материалдар прокуратура органдарына олардың құзыреті шегінде шаралар қабылдау үшін жолданады», — делінген ведомство хабарламасында.

Ведомство қандай да бір жалған ақпарат тараған жағдайда, азаматтар мұндай фактілер туралы Орталық немесе тиісті аумақтық сайлау комиссиясына хабарлай алатынын ескертті.

«Байланыс деректері ОСК мен аумақтық сайлау комиссияларының ресми интернет-ресурстарында орналастырылған», — делінген хабарламада.

Түйін

Қорыта айтқанда, сайлау күні дауыс беруге қатыспағаны үшін азаматтарға айыппұл салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы ресми түрде мәлімдеді. Сондықтан әлеуметтік желіде тараған мұндай ақпаратқа сенбес бұрын, оның дереккөзін тексеріп, ресми ақпаратқа жүгінген жөн.

Оқу үшін