Алаяқтарға алданған зейнеткер 17 млн теңгеге пәтерін сатқан: Полиция мән-жайды ашты

Коллаж: MidJourney
Ақмола облысында алаяқтар зейнеткерді пәтерін сатуға көндіріп, 17 млн теңгесін иемденген. Қаскөйлер өздерін коммуналдық мекеме, Ұлттық банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Оқиға Бурабай ауданында болған. Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 1954 жылы туған жергілікті тұрғынмен алаяқтар биыл сәуір айында байланысқа шыққан.
«Алдымен олар өздерін энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызметкерлері ретінде таныстырған. Қажетті қызметті рәсімдеу керек деген сылтаумен зейнеткерден SMS арқылы келген кодты сұрап алған.Осыдан кейін алаяқтық схеманың келесі кезеңі басталған. Әйелмен өзін Ұлттық банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар байланысқа шығып, психологиялық қысым көрсеткен», — делінген хабарламада.
Олардың нұсқауын орындаған зейнеткер өзіне тиесілі пәтерді 17 млн теңгеге сатып жіберген. Ақшаны банк арқылы аудармаған. Үйінің ауласына келген белгісіз адамға 17 млн теңгені қолма-қол табыстаған.
«Аталған факті бойынша Бурабай аудандық полиция бөлімі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын, сондай-ақ алаяқтық әрекеттерді ұйымдастыруға және жасауға қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.
Полиция мұндай схемаларда алаяқтардың өзін банк, мемлекеттік орган, құқық қорғау немесе коммуналдық ұйым қызметкері ретінде таныстыруы жиі кездесетінін ескертеді. Олардың мақсаты – SMS-кодтарды, жеке деректерді қолға түсіру, кейін адамды «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға немесе қолма-қол қаражатты курьерге беруге көндіру. Сондықтан өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкерімін деп таныстырған адам SMS-код сұраса, ақшаңызды «қауіпсіз шотқа» аударуды немесе курьерге беруді талап етсе, оның нұсқауын орындамау керек. Қоңырауды тоқтатып, тиісті ұйымға ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласқан жөн.


