NoFake

15 млн қазақстандықтың жеке деректері даркнетте жарияланғаны рас па

Фото: Depositphotos

Қазақстан азаматтарының дербес деректері даркнетте жарияланды деген ақпарат тарады. Цифрлық даму министрлігі бұл жағдайдан хабардар екенін мәлімдеп, қазір ақпараттың қаншалықты рас екені тексеріліп жатқанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, бейінді қызметтермен бірлесіп техникалық тексеру басталған. Мамандар жарияланған деректердің үлгілерін талдап, олардың ықтимал қайдан алынғанын анықтап жатыр.

«Қазіргі таңда электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ», – деп хабарлады министрлік.

Ведомство жарияланған мәліметтердің бір бөлігі электрондық үкіметтегі деректердің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтініне де назар аударды.

«Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды», – делінген жауапта.

Техникалық тексеру әлі жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша министрлік қосымша ақпарат беретінін мәлімдеді. Осыған байланысты азаматтарға цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау ұсынылды. Атап айтқанда, SMS-кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және әр сервиске әртүрлі пароль қолдану қажет.

Оқу үшін