NoFake

Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінің видеосы ЖИ көмегімен жасалған

Скрин видеодан

Әлеуметтік желілерде Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінің салдары ретінде көпқабатты үйдің құлап жатқан сәті бейнеленген жалған видео тарады.

NoFake.kz тілшісі тараған ақпарат пен видеоны тексеріп көрді. Анықталғандай, Колумбиядағы жер сілкінісі мен адам шығыны туралы дерек рас, алайда оған тіркелген видео шынайы оқиға орнынан түсірілмеген.

2026 жылғы 10 тамызда Колумбияның батысында магнитудасы 7,4 болатын күшті жер сілкінісі болды. Алғашқы мәлімет бойынша кемінде 111 адам қаза тауып, 87 адам жараланған. Жерасты дүмпулері елдің бірнеше қаласында сезіліп, ондаған ғимарат қираған. Бұл ақпаратты халықаралық БАҚ та жариялады.

Ал әлеуметтік желіде тараған видеоны кадрлап қарағанда жасанды интеллект көмегімен жасалғанын аңғартатын бірнеше сәйкессіздік байқалады. Мәселен, көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып, айналаны шаң басқан кезде көтергіш сатыда тұрған адамдар мүлдем қозғалмайды. Қауіпті жағдайға қарамастан, олардың дене қалпы өзгермейді.

Төмендегі адамдардың әрекетінен де сәйкессіздік байқалады. Үйдің үлкен бөлігі құлап жатқанда кей адамдар қауіп аймағынан өте баяу қозғалады. Олардың қимылы кадрда болып жатқан жағдайға табиғи реакцияға ұқсамайды.

Скрин threads желісіндегі пікірлерден

Ғимараттың қирау процесінде де визуалды ақаулар бар. Кейбір жарықтар мен конструкциялар табиғи жалғаспайды, ал жекелеген ұсақ детальдар видео барысында пішінін өзгерткендей көрінеді. Шаң мен ғимарат бөліктерінің қозғалысы жылдам болғанымен, адамдар мен басқа нысандардың қозғалысы онымен үйлеспейді.

Жазбаның астындағы қолданушылар да осы ерекшеліктерге назар аударған. Пікірлерде видеоның ЖИ көмегімен жасалғаны айтылып, кадрдағы сәйкессіздіктер көрсетілген скриншоттар жарияланған. Демек, бұл жерде шынайы оқиғаға жасанды контент қосылған. Колумбияда 10 тамызда магнитудасы 7,4 болатын жер сілкінісі болғаны және адам шығыны бары рас. Алайда әлеуметтік желіде осы апаттың салдары ретінде тараған көпқабатты үйдің құлау видеосы шынайы кадр емес, онда ЖИ генерациясына тән белгілер байқалады.

Оқу үшін