Дауыс беру бюллетенін фото-видеоға түсіріп, желіге жариялауға бола ма

Фото: pixabay.com
Көпшілік арасында «сайлау күні кабина ішінде, одан тыс жерде бюллетеньді суретке түсіріп, оны жариялауға бола ма?» деген сауал жиі талқыланады. Nofake.kz аталған сұраққа жауап іздеп көрді.
Желі қолданушылары не дейді?
Әлеуметтік желі қолданушылары, әсіресе, Құрылтай депутаттарының сайлауы алдында аталған мәселені жиі көтеріп жатыр. Олардың бірі бюллетеньді суретке, видеоға түсіруге болады десе, енді бірі оның заңсыз екенін айтқан.

ОСК не дейді?
Аталған сұрақты алдымен Орталық сайлауы комиссиясына қойдық. Жауаптылар бюллетеньді суретке түсіріп, жариялауға болмайтынын мәлімдеді.
«ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабы, 4 тармақшасына сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фото және (немесе) бейнетүсірілім жасауға және оны таратуға тыйым салынады», — делінген ОСК хабарламасында.
Заңда не көзделген?
Заңгер Талант Рамазанов аталған заңды бұзып, сайлау күні бюллетеньді фото-видеоға түсірген сәтте, заңда не көзделгенін түсіндірді. Оның айтуынша, ҚР ӘҚБтК 102-бабына сәйкес, тыйым салынған кезеңде сайлау алдындағы үгіт жүргізу бойынша аталған заңда жауапкершілік көзделген.
«Яғни, сол күні бюллетеньді, оның ішінде дауыс берген партияны белгілеу — аталған заңды бұзу болып саналады. Сол себепті, кандидатты, саяси партия ұсынған партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау күні немесе оның алдындағы күні сайлау алдындағы үгіт жүргізу –
жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», — деді ол.
Түйін
Осылайша, сайлау күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе бейнежазбаға түсіріп, оны жариялауға заңмен тыйым салынған. ОСК бұл талаптың дауыс беру құпиясын сақтауға бағытталғанын атап өтті. Сондықтан сайлаушылар бюллетеньді әлеуметтік желіде жарияламай, заң талаптарын сақтауы қажет. Ал тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт жүргізу заңнамада белгіленген әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.


