NoFake

Шетелде емделуді жоспарлаған қазақстандықтарға министрлік маңызды ескерту жасады

Фото: Depositphotos

Денсаулық сақтау министрлігі шетелдік клиникаларда емделуді жоспарлап жүрген қазақстандықтарға медициналық ұйымды алдын ала мұқият тексеруге кеңес берді.

Ведомство мәліметінше, шетелде ем қабылдайтын азаматтар халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін, дәрігерлерінің біліктілігі расталған және диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін қолданатын клиникаларға басымдық бергені жөн.

«Медициналық ұйымға жүгінбес бұрын клиника туралы ақпаратты зерделеп, оның аккредиттеулерінің бар-жоғын, дәрігерлердің тәжірибесі мен біліктілігін, сондай-ақ медициналық көмек көрсету шарттарын тексеру маңызды. Мұндай тәсіл қауіптерді азайтып, сенімді медициналық ұйымды таңдауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

ДСМ шетелдік клиниканы таңдағанда мына жайттарға назар аударуды ұсынады:

  • халықаралық аккредиттеудің болуы (JCI, ISO және т.б.);
  • дәрігерлердің біліктілігі және қажетті емдеу түрін жүргізу тәжірибесі;
  • диагностика мен емдеуде дәлелді медицина әдістерінің қолданылуы;
  • емдеу құны, кезеңдері мен ықтимал нәтижелері туралы ақпараттың ашық болуы;
  • медициналық ұйым қызметінің ресми түрде расталуы.

Министрлік әсіресе толық сауығуға кепілдік беретін немесе тиімділігі тексерілмеген емдеу тәсілдерін ұсынатын клиникалардан сақ болуға шақырды. Сондай-ақ медициналық құжаттарды зерттемей және толық консультация өткізбей, емделу туралы тез шешім қабылдауға итермелейтін ұсыныстарға күмәнмен қараған жөн.

Қазақстан азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберген кезде сапа мен қауіпсіздіктің белгіленген талаптарына сәйкес келетін шетелдік медициналық ұйымдардың арнайы тізімі пайдаланылады. ДСМ мәліметінше, бұл тізім шетелде өз қаражатына емделуді жоспарлаған азаматтарға да клиника таңдауда бағдар бола алады.

Оқу үшін