NoFake

WhatsApp аккаунтыңыз бұзылғанын қалай білуге болады — ІІМ негізгі белгілерін атады

Фото: Depositphotos

Алаяқтар бөтен адамның WhatsApp аккаунтына кіріп, оның атынан таныстарына хабарлама жіберуі мүмкін. Көбіне ақша сұрайды немесе күмәнді сілтеме жібереді. Ішкі істер министрлігі мұндай жағдайдан қорғанудың бірнеше жолын атады.

Ең алдымен WhatsApp-та екі сатылы тексеруді қосқан жөн.

«WhatsApp қосымшасын ашып, “Баптаулар” бөліміне өтіңіз. “Аккаунт”, одан кейін “Екі сатылы тексеру” бөлімін таңдаңыз. Алты таңбалы PIN-код орнатып, аккаунтты қалпына келтіруге арналған электрондық пошта мекенжайын енгізіңіз. PIN-кодты ешкімге хабарламаңыз», – деп ескертті ІІМ.

Аккаунтыңызға бөтен адам кіргенін қалай білуге болады?

Мына белгілерге назар аударыңыз:

  • WhatsApp-қа сіз танымайтын құрылғы қосылған;
  • сіз жібермеген хабарламалар пайда болған;
  • таныстарыңыз сіздің атыңыздан күмәнді өтініштер келгенін айтады;
  • өзіңіз сұратпаған растау кодтары SMS арқылы келеді;
  • WhatsApp аккаунтыңыздан өздігінен шығып кетеді.

Қандай құрылғылар қосылғанын тексеріңіз

WhatsApp мәзірінен «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін ашыңыз. Онда аккаунтыңыз ашық тұрған телефондар мен компьютерлер көрсетіледі. Бейтаныс құрылғыны байқасаңыз, оны таңдап, «Шығу» батырмасын басыңыз. Осылайша оның аккаунтыңызға кіруін тоқтатасыз.

WhatsApp бұзылса, не істеу керек?

Алдымен «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміндегі бөтен сеанстарды өшіріңіз. Содан кейін екі сатылы тексерудің PIN-кодын ауыстырыңыз. Телефон мен компьютерді зиянды бағдарламаларға тексерген жөн. Таныстарыңызға да аккаунтыңыздың бұзылған болуы мүмкін екенін ескертіңіз.

ІІМ тағы бір маңызды ережені еске салды:

«Егер танысыңыздан шұғыл ақша аударуды сұраған хабарлама келсе, оған телефон арқылы немесе басқа байланыс арнасымен хабарласыңыз. Хабарламаны шынымен сол адамның өзі жібергеніне көз жеткізіңіз», – деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ SMS немесе WhatsApp арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтуға болмайды. Күмәнді сілтемелерді ашпаңыз. Бейтаныс адамның нұсқауымен телефонға қосымша орнатпаңыз.

Егер аккаунтқа бөтен адамның кіргені анықталса, қауіпсіздік шараларын дереу қабылдап, құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.

Оқу үшін