NoFake

ДСМ Ақтас кентіндегі психиатриялық ауруханадағы қатыгездік туралы ақпаратты жоққа шығарды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ақтас кентінде орналасқан, Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық аурухананың пациенттеріне физикалық шектеу шараларын қолдану фактісін жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство мәліметінше, Алматы облысы Ақтас кентіндегі психиатриялық ауруханадағы пациенттерге физикалық шектеу шараларын қолдану, ықпал ету шарасы ретінде дәрілік препараттарды пайдалану және пациенттердің ар-намысына тиетін өзге де әрекеттер жасалды деген әлеуметтік желілерде тараған ақпараттар расталмаған. ДСМ ресми тексеру қорытындысы бойынша аталған факт анықталмағанын мәлімдеді.

«Instagram әлеуметтік желісінде пациенттердің құқықтары бұзылды деген ақпараттың жариялануына байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті аталған медициналық ұйымға тексеру жүргізді. Жарияланым авторы өзінің жеке естеліктеріне сілтеме жасайды және оның айтуынша, аталған оқиғалар 2008 жылы медициналық ұйымның 7, 10 және 12-бөлімшелерінде болған. Бұл ретте автордың дербес деректері көрсетілмеген, ал сипатталған оқиғалар шамамен 18 жыл бұрынғы кезеңге жатады», — делінген хабарламада.

Министрлік коғамдық резонансты ескере отырып, медициналық көмек көрсету кезінде заңнама талаптарының сақталуы, психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмектің сапасы, сондай-ақ пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері тексерілгенін атап өтті.

«2026 жылғы 7 тамыздағы №127 тексеру нәтижелері туралы актіге сәйкес пациенттерге физикалық шектеу шараларын қолдану, ықпал ету шарасы ретінде дәрілік препараттарды пайдалану және пациенттердің ар-намысына тиетін өзге де әрекеттер туралы мәліметтер өз растауын таппады.

Осылайша, жарияланымда көрсетілген мәлімдемелер ресми тексеру барысында анықталған нақты мән-жайларға сәйкес келмейді», — делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі әрбір пациенттің құқықтарын, ар-намысы мен қауіпсіздігін сақтауға сөзсіз басымдық беретінін атап өтті.

«Психикалық бұзылыстарды диагностикалау және емдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-224/2020 бұйрығының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Министрлік медициналық көмектің сапасына және пациенттердің құқықтарының сақталуына бақылауды жалғастырады», — делінген хабарламада.

Ведомство осы ретте көрінеу жалған мәліметтерді тарату олардың мазмұны мен тарату мән-жайларына қарай Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Оқу үшін