Мұғалімдер сайлауға қатысқаны туралы фото-видео есеп беруге міндетті ме

Фото: Depositphotos
Әлеуметтік желіде «педагогтердің Құрылтай сайлауы өткеннен кейін, оған қатысып, дауыс бергені туралы фото, видео есеп беруі қажет пе?» деген сауал жиі талқыланады. Nofake.kz аталған сұраққа жауап іздеп көрді.
Мәселе қайдан шықты?
Желіде блогердің: «Кейбір мектеп мұғалімдерінен сайлауға қатысқаннан кейін, фото-видео есебі сұралады, ол қаншалықты заңды?» деген сауалы қызу талқыға түскен.

Заң не дейді?
Аталған сауалға жауап алу үшін, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне хабарластық.
«Педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыруы барысында Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті, құжаттарды, мәліметтерді немесе өзге де ақпаратты талап етуге жол берілмейді. Аталған талапты бұзған адамдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылады», — делінген хабарламада.
Түйін
Қорыта айтсақ, педагогтерден Құрылтай сайлауына қатысқаны туралы фото немесе видео есеп талап ету заңнамада көзделмеген. Мұндай талап қоюға жол берілмейді. Егер мұғалімдерден осындай есеп сұралса, бұл қолданыстағы заң талаптарына қайшы келеді және оған жол берген тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін.


