Трамптың АҚШ сенаторының жерлеу рәсімінде ұйықтап қалғаны рас па

Фото: snopes.com
АҚШ президенті Дональд Трамптың сенатор Линдси Грэмді жерлеу рәсімінде ұйықтап қалғаны туралы видеолар әлеуметтік желілерде кең тарады, деп хабарлайды NoFake.kz америкалық Snopes басылымына сілтеме жасап.
Басылым бұл кадрларды зерттеп, олардың түпнұсқа екенін, алайда Трамптың шынымен ұйықтап кеткенін нақты айту мүмкін емес деген қорытындыға келді. 2026 жылғы 28 шілдеде Вашингтон ұлттық соборында өткен Линдси Грэмді жерлеу рәсімі кезінде түсірілген видеоларда Трамптың басын бір жағына еңкейтіп, көзін бірнеше секундқа жұмғаны байқалады. Кейін ол кенет басын көтерген.
Фактчекерлер жерлеу рәсімінің толық тікелей эфирін қарап шығып, тараған видеолардың монтаждалмағанын анықтаған. Алайда кадрлар президенттің расында ұйықтап кеткенін дәлелдемейді.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Дэвис Ингл бұл айыптауға жауап беріп:
«Президент Трамп өзінің жақын досы Линдси Грэмнен айырылғанын ой елегінен өткізіп отырды. Ол аз ғана уақыт бұрын оның құрметіне тамаша қоштасу сөзін айтты. Басқаша айтатындардың бәрі – ар-ұяты жоқ ақымақтар», – деді.
Даулы сәт Вашингтон ұлттық соборының ресми тікелей эфирінің шамамен 1:22:07 минутында, Fox News жүргізушісі Шон Хэннитидің сөзі кезінде болған.
Кейбір X және Instagram қолданушылары Трамп «толық ұйықтап қалды» деп жазған. Бірақ Snopes мұны асыра айтылған мәлімдеме деп бағалады. Видеода оның көзі төрт секундтай ғана жұмылып тұрғаны көрінеді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тек сол сәттің скриншоттары да тараған. Мұндай суреттер контекстен жұлынып алынғандықтан, Трамп ұзақ уақыт ұйықтап отырғандай әсер қалдыруы мүмкін. Мысалы, демократтарды қолдайтын Occupy Democrats парақшасы жариялаған кадр Fox News трансляциясының 1:44:20 минутында түсірілген. Ол кезде президенттің көзі шамамен төрт секундқа ғана жабық болған.
Жерлеу рәсімі барысында Трамптың баяу әрі бірқалыпсыз жыпылықтағаны, кейде көзін ұзақтау жұмып, кейін селк етіп қайта тіктелгені байқалады. Ал сөз сөйлеуге шығар алдында оның толық сергек болғаны көрінеді.


