Абай облысы полицейлері эфирде балағат сөз айтқан TikTok қолданушысын қамауға алды

Фото: Polisia.kz
Абай облысында TikTok-та тікелей эфирде балағат сөз айтқан желі қолданушысы қамауға алынды, деп хабалайды Nofake.kz.
Естеріңізде болса, бұған дейін Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстардың бастаған еді. Ведомство осы ретте, интернет – заңсыздыққа жол беретін кеңістік емес екенін, осыған сай әрбір құқық бұзушы анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Осылайша, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Абай облысының полиция қызметкерлері TikTok платформасындағы құқыққа қайшы тікелей эфирді анықтаған. Эфир барысында бойжеткен балағат сөздер айтып, әдепсіздік көрсетті және есірткі қолданатынын мәлімдеген.
«Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады. Құқық бұзушы Түркістан облысының тумасы, Семей қаласында уақытша тұрған 26 жастағы Азиза Қоқанова болып шықты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол алкогольдік масаң күйде болған. Сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада.
Полиция интернеттегі әрбір осындай тікелей эфир, заң мен қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір фактісі тиісті түрде құқықтық тұрғыдан бағаланып, тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.


