NoFake

Қарқаралыда бизондар жүргені рас па: министрлік жауап берді

Иллюстративное фото: magnific.com

ҚР Экология министрлігі желіде тараған «Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы бизондар жүр» деген видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, видеодағы бизондар Қазақстанда емес, басқа жерде түсірілген. Осылайша, Қарқаралы ұлттық паркіндегі жануарлар қоршаудан шықпағаны белгілі болды.

Әлеуметтік желілерде Қарқаралы маңындағы жол бойында еркін жүрген бизондар бейнеленген видео кеңінен тарады. Сирек кездесетін жануарлар түсірілген кадрлар желі қолданушыларының назарын аударып, қызу талқыланды. Олардың бірі бизондар су тапшылығынан зоологиялық парктің аумағынан шығып кеткен болуы мүмкін деген болжам айтса, енді бірі видеоның шынайылығына күмән келтіріп, оның жасанды интеллект көмегімен жасалғанын алға тартты.

Алайда Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл видеоның Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

«Бұл видео Қазақстанда түсірілмеген. Жол бойында жүрген бизон Қарқаралы ұлттық паркінде де, еліміздің басқа аумағында да түсірілмеген. Қазіргі уақытта Қарқаралы ұлттық паркінде үш бизон бар. Олар арнайы қоршауда жартылай еркін жағдайда ұсталып, ұлттық парк қызметкерлерінің тұрақты бақылауында. Сондықтан бүгінгі күнге дейін олардың қоршаудан шығып кеткені туралы ешқандай дерек тіркелген жоқ», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының бас сарапшысы Азамат Ақаев.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда бизондар Қарқаралы, «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, сондай-ақ Жетісу облысындағы жеке шаруашылықта өсіріледі.

Оқу үшін