NoFake

Бірыңғай QR үшін комиссияны кім төлейді: Ұлттық банк түсіндірді

Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк 19 шілдеден бастап іске қосылған мобильді төлемдердің жаңа банкаралық жүйесінде комиссия қалай есептелетінін түсіндірді.

Бірыңғай QR арқылы төлем жасау сатып алушылар үшін тегін, ал бизнес үшін комиссия өзге банктің картасымен төлем қабылдағандағы комиссиядан жоғары болмауға тиіс. Жаңа жүйе кез келген банктің терминалы арқылы басқа банктің қосымшасымен QR-төлем жасауға мүмкіндік береді. Оның операторы – Ұлттық банктің еншілес ұйымы Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК).

Егер сатып алушы мен сатушыға бір банк қызмет көрсетсе, комиссия мөлшерін сол банк белгілейді. Ал сатып алушы мен кәсіпкерге әртүрлі банктер қызмет көрсеткен жағдайда комиссия бірнеше бөліктен қалыптасады.

«1%-ы сатып алушының банкіне кетеді. Оның бір бөлігін банк клиенттерге бонус пен кешбэк түрінде қайтара алады. Қалған соманы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдағаны үшін кәсіпкерге қызмет көрсетуші банк алады», – деп түсіндірді Ұлттық банк.

Банктер өз кезегінде жүйеге операторлық қызмет көрсеткені үшін Ұлттық төлем корпорациясына ақы төлейді. Телефон нөмірі арқылы жасалатын банкаралық аударымдар үшін тариф – 0 теңге, ал Бірыңғай QR арқылы төлем үшін – 0,05%. Ұлттық банк бұл 0,05%-ды сатып алушы немесе кәсіпкер тікелей төлемейтінін атап өтті. Операторлық қызмет ақысын банктер төлейді.

«Заңнамаға сәйкес, Бірыңғай QR арқылы банкаралық төлем қабылдағаны үшін кәсіпкерден алынатын комиссия басқа банктің картасымен жасалған ұқсас төлем комиссиясынан жоғары болмауы керек. Сонымен қатар Бірыңғай QR кәсіпкерлер үшін міндетті әрі жалғыз төлем тәсілі емес. Бизнес бірнеше банктің POS-терминалын бұрынғыдай пайдалана алады немесе әртүрлі банктерден түсетін төлемдерді бір терминалға біріктіре алады»,-делінген хабарламада.

Ұлттық банк жаңа жүйенің жұмысын және банктердің тариф саясатын бақылап отырғанын мәлімдеді. Бұған дейін реттеуші халықаралық төлем жүйелері және банктермен бірлесіп, карта бойынша банкаралық комиссияларды кезең-кезеңімен төмендеткен. Мәселен, жалпыға ортақ карталар бойынша interchange комиссиясы 1,8–2%-дан 1%-ға дейін азайған. Ұлттық банктің мәліметінше, 17 шілдеден бері жаңа жүйе арқылы 1 миллионға жуық транзакция өңделген. Алдағы уақытта оның негізінде төлемге сұрау жіберу, компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы есеп айырысу және трансшекаралық операциялар сияқты жаңа қызметтерді іске қосу жоспарланып отыр.

Оқу үшін