NoFake

Ипотека мен декреттік төлемді сылтау еткен астаналық тұрғындарды 500 млн теңгеге алдаған

Коллаж: Nofake.kz

Астанада таныстары мен көршілерінің сеніміне кіріп, 60-тан астам азаматты 500 млн теңгеден астам сомаға алдаған әйел сотталды, деп хабарлайды NoFake.kz қала прокуратурасына сілтеме жасап.

Тергеу дерегінше, әйел жәбірленушілердің көбімен бұрыннан таныс болған. Осы сенімді қарым-қатынасты пайдаланып, ол ипотеканы жедел рәсімдеуге, баспана сатып алуға және декреттік төлем көлемін арттыруға көмектесе алатынын айтқан.

«Ол азаматтарды өзінің түрлі байланыстары мен ипотеканы жедел рәсімдеуге, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін жағдайлары бар екеніне сендірген. Осы сылтаумен жәбірленушілерді өзіне ақша беруге, өз атына несие рәсімдеуге немесе жылжымайтын мүліктерін кепілге қоюға көндіріп, кейін алынған қаражатты иемденіп отырған», – деп мәлімдеді прокуратура.

Іс материалдарындағы эпизодтардың бірінде сотталушы жәбірленушіні екі бөлмелі пәтерін банкке кепілге қойып, 16 млн теңге несие алуға көндірген. Әйел несиені өзі төлеп, кейін үш бөлмелі пәтер сатып алуға көмектесетінін уәде еткен. Бастапқыда қарыздың бір бөлігін төлегенімен, кейін төлем жасауды тоқтатып, байланысқа шықпай қойған. Нәтижесінде жәбірленуші 9 млн теңгеден астам шығынға ұшыраған.

«Тағы бір эпизодта жәбірленушінің жұбайына декреттік төлемді көбейтіп рәсімдеуге көмектесемін деп, 5 млн теңгеден астам ақша алған. Алайда уәдесін орындамай, қаражатты иемденген. Прокуратура мәліметінше, сотталушы пайызбен ақша алып, оны үстеме пайдасымен қайтаратынын да айтып жүрген. Жалпы оның әрекетінен 60-тан астам азамат зардап шегіп, келтірілген материалдық залал 500 млн теңгеден асқан»,- делінген хабарламада.

Сот барысында әйел кінәсін ішінара мойындап, жекелеген эпизодтар бойынша жасаған ісіне өкінетінін айтқан. Сот оны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Оқу үшін