NoFake

Мелонидің «Италияда шариғат заңына жол бермейміз» деген видеосы – дипфейк

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желілерде Италия премьер-министрі Джорджа Мелонидің ағылшын тілінде сөйлеп, «Италияда шариғат заңын енгізуге жол бермейміз» дегендей мәлімдеме жасап тұрған видеосы тарап жатыр. Алайда бұл бейне жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейк, деп хабарлайды AFP Fact Check.

Желіде тараған 10 секундтық видеода Мелони мінберде тұрып: «Біз Италияда шариғат заңын енгізуге жол бермейміз. Мен – Джорджа Мелони. Мен – христианмын. Мен – Италияның қызымын» деп ағылшын тілінде сөйлеп тұрғандай көрінеді. Жазба әлеуметтік желілерде мыңдаған рет бөлісілген.

AFP Fact Check жүргізген тексеріс видеоның шынайы емес екенін анықтады. Кадрдың алғашқы суреті Google-дағы кері іздеу арқылы табылып, оның 2026 жылғы 23 қаңтарда Италия мен Германия үкіметаралық саммиті аясында өткен бірлескен баспасөз мәслихатында түсірілген фотосурет екені белгілі болған.

Сол күнгі Италия үкіметінің ресми YouTube-арнасында жарияланған баспасөз мәслихатының толық видеосы да зерттелген. Онда Джорджа Мелони бүкіл сөзін тек итальян тілінде сөйлейді. Ал әлеуметтік желіде тараған роликте оның ағылшын тілінде сөйлеп тұрғаны көрсетілген.

Сондай-ақ тексеру барысында бірнеше сәйкессіздік анықталған.

Мәселен, жалған видеодағы сырғалары түпнұсқадағысынан өзгеше, мінберден қара сым көрінеді, ал видеоның төменгі оң жақ бұрышында Grok жасанды интеллект сервисінің сутаңбасы бар.

Бұдан бөлек, бейненің дыбысы арнайы Hiya Voice Cloning Detection құралы арқылы талданып, оның да «өте жоғары ықтималдықпен жасанды интеллект арқылы жасалғаны» анықталған.

Айта кетейік, Джорджа Мелони бұған дейін ислам мәдениетінің кейбір түсіндірмелері мен Еуропаның құндылықтары арасындағы үйлесімділік мәселесіне қатысты пікір білдірген. Алайда оның дәл осы сөздерді айтқанына ешқандай дәлел жоқ.

Оқу үшін