NoFake

Жетісу облысында дропперлік схема ұйымдастырған екі топтың жолы кесілді

Фото: astana.sud.kz

Жетісу облысында азаматтардың банк шоттарын алаяқтық схемаларда пайдалануды ұйымдастырған екі топтың заңсыз қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Жетісу облысының прокуратурасы хабарлады.

Ведомство мәліметінше, күдіктілер азаматтарды банк шоттарына қол жеткізу деректерін заңсыз беруге тартып, кейін бұл шоттарды алаяқтық схемаларда пайдаланған.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 7-бөлігі бойынша тіркелген қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 12 эпизоды анықталды. Алаяқтық әрекеттер салдарынан азаматтарға келтірілген жалпы материалдық залал 22 млн теңгеден асты», – деп хабарлады прокуратура.

Қылмыстық істердің бірі бойынша 2026 жылғы 1 маусымда сот алты адамға қатысты айыптау үкімін шығарған. Оларға 1 жыл 6 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді. Ал екінші қылмыстық іс қазір сотта қаралып жатыр.

Прокуратураның дерегінше, биыл Жетісу облысында Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 31 қылмыстық іс тіркелген. Оның 16-сы сотқа жолданып, қалған істер бойынша тергеу жалғасуда.

«Банк шотына, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына заңсыз қол жеткізу мүмкіндігін беру, табыстау не сатып алу, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүддесі үшін төлемдер жасау және ақша қаражатын аудару қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады», – деп ескертті ведомство.

Прокуратура алаяқтық схемаларға тартылмау үшін банк карталарын, шот деректемелерін, SIM-карталарды, растау кодтары мен мобильді банкингке кіру деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды. Мұндай әрекеттер алаяқтыққа қатысу ниеті болмаған жағдайда да қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Оқу үшін