NoFake

20 мың пайдаланушы және шетелдік дропперлер: ҚМА онлайн-казино схемасын әшкереледі

Фото: Depositphotos

Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ел аумағында жұмыс істеген «Nomad Poker» онлайн-казиносының заңсыз қызметін тоқтатты.

ҚМА мәліметінше, тергеу барысында «Club GG Poker» мобильді платформасы негізінде құрылған онлайн-казиноны Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан басқарып отырғаны анықталған.

«Мұндай схема ұйымдастырушылардың жеке басын жасыруға, ақша ағындарын бақылауды қиындатуға және заңсыз қызметті жүргізу үшін шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдалануға мүмкіндік берген», – деп хабарлады агенттік.

Заңсыз ойын платформасы тәулік бойы жұмыс істеген. Қатысушылар онлайн-покер форматында ақша тігіп, ұтысын қолма-қол ақшаға айналдыра алған. Жаңа ойыншыларды тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен түрлі жарнама құралдары пайдаланылған. Нәтижесінде онлайн-казиноға 20 мыңнан астам қолданушы тартылған. Тергеу дерегінше, ұйымдастырушылар ақша айналымы үшін үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк шоттарын пайдаланған. Күдіктілер осы мақсатта шетел азаматтарының Қазақстанға ұйымдасқан түрде келуін қамтамасыз етіп, олардың атына 400 АҚШ долларына дейін сыйақы төлеп, банк карталары мен мобильді банкинг рәсімдеген.

«Тергеу барысында онлайн-казино қызметін қамтамасыз ету үшін 60-тан астам дроп-шот пайдаланылғаны анықталды. Ойыншылардан түскен қаражат көлемі 7,5 млрд теңгеден асты», – делінген ҚМА хабарламасында.

Сот санкциясымен Алматы қаласындағы пәтерге, үш автокөлікке және дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңгеге тыйым салынды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Оқу үшін