СІМ Қара теңіздегі қазақстандық мұнай кемелеріне жасалған шабуылға пікір білдірді

Фото: Depositphotos
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдауға қатысқан азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуылдарға қатысты мәлімдеме жасады.
Министрлік бұл әрекеттерді Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғушылық деп бағалады.
«Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз», – делінген СІМ мәлімдемесінде.
Ведомство мәліметінше, Қара теңіздегі КҚК терминалдарына мұнай тиеу үшін кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың тараптар бұрын келіскен тетігі әдейі ескерілмеген. Министрлік бұл жағдай кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіргенін атап өтті.
«Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспорты инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шаралар қабылдауды талап етеді», – деп мәлімдеді министрлік.
Қазақстан сондай-ақ серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды айыптауға, ал барлық мүдделі тараптарды мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін нақты шараларды бірлесіп әзірлеуге шақырды.
Қазіргі уақытта Қазақстан тарапы келтірілген залалды жан-жақты бағалап жатыр. Бағалау қорытындысы бойынша еліміз халықаралық құқықта көзделген тетіктерді пайдалану, соның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талап қою құқығын өзіне қалдырады. СІМ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің баламасы жоқ екенін атап өтіп, Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттарын, кеме қатынасы еркіндігін және халықаралық көлік-логистикалық әрі энергетикалық бағыттардың қауіпсіз жұмысын қолдайтынын мәлімдеді.


