Венесуэладағы баланы үйінді астынан құтқарған ит фотосы — фейк

Фото: Әлеуметтік желіден
Венесуэладағы жер сілкінісінен кейін желіде тараған «баланы үйінді астынан құтқарған адал ит» туралы әсерлі сурет жалған болып шықты, деп хабарлайды NoFake.kz шетелдік Snopes басылымына сілтеме жасай отырып.
Мамандар анықтағандай, жүз мыңдаған адамды жылатқан бұл сурет пен оның тарихын шын мәнінде адамдар емес, жасанды интеллект құрастырған.
Маусым айында Венесуэланың солтүстік жағалауында жойқын жер сілкінісі болып, 4 700-ден астам адам қаза тапқан еді. Осы апаттан кейін Facebook пен Instagram желілерінде қираған ғимараттың астында бала мен иттің құшақтасып жаткан суреті тараған еді.

Алайда, халықаралық Snopes фактчекерлері бұл оқиғаны зерттеп, оның фейк екенін дәлелдеді.
Мамандар суреттің фейк екенін қалай анықтады?
Олар фотоны арнайы бағдарламалармен және көзбен мұқият тексеру барысында жасанды интеллектің мынадай өрескел қателіктерін тапқанын хабарлайды:
Суреттегі баланың бет-әлпеті табиғи емес, ал оның сол жақ қолы адамныкіне мүлдем ұқсамайды, тым арық, тіпті қаңқаға ұқсап тұр. Ретривердің жүні кей тұста шектен тыс жылтырап, тегістелгендей көрінсе, кей жерлерінде үрпиіп көрінеді. Иттің аяғы да баланың үстіне табиғи емес қалыпта қойылған.
Суреттің сол жағындағы үйінділердің шеттері жуылып кеткендей анық емес, ал иттің басынан баланың үстіне түсіп тұрған көлеңке физика заңдарына мүлдем сәйкес келмейді.
Сонымен қатар, фотоға қараған бетте бірден көзге түсетіні – иттің көзі. Оның біртұтас қара бұлыңғыр болып тұрғанын байқауға болады.
Оған қоса, мамандар Google, Яндекс, Bing және DuckDuckGo іздеу жүйелері арқылы ағылшын тіліндегі барлық жаңалықтарды тексеріп шыққандарын жазады. Әлемдік БАҚ-та да, Венесуэланың ресми құтқару қызметтерінің есептерінде де «Макс» есімді ит пен «Матео» есімді бала туралы ешқандай ақпарат табылмаған. Апат аймағында үй жануарлары емес, тек арнайы дайындықтан өткен кәсіби құтқарушы иттер ғана жұмыс істеген.
Шынайы жағдай қандай болды?
Апат кезінде жануарларға қатысты болған жалғыз шынайы оқиға деп басылым — CBS News таратқан ақпаратты атайды. Құтқарушылар үйінді астынан қайтыс болған қожайынының денесінен айырылмай отырған «Виктория» есімді тотықұсты тауып алған. Бірақ, өкінішке қарай, құстар клиникасына жеткізілгеннен кейін ол да көп ұзамай өліп кеткен.
Мамандар ірі табиғи апаттар, жер сілкіністері немесе соғыс кезінде желі қолданушыларының эмоциясын оятып, аяушылық сезімін тудыру арқылы лайк пен қаралым жинау үшін осындай жалған суреттер өте жиі жасалатынын ескертеді. Бұған дейін де Газа секторындағы бомбалаудан кейінгі мысық құшақтаған балалардың және АҚШ-тағы «Хелен» дауылынан кейін итін ұстап жылаған қыздың дәл осындай нейрожелімен жасалған жалған суреттері әшкереленген болатын.


