NoFake

«ҚазАвтоЖол» Рахман қайнарына баратын туристерге ескерту жасады

Скрин видеодан

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Рахман қайнарына апаратын жолда жөндеу жұмыстарына кедергі келтіру жағдайлары жиілегенін мәлімдеді.

Компания демалушыларды жолшылардың еңбегіне құрметпен қарап, уақытша енгізілген шектеулерді сақтауға шақырды. Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы автомобиль жолында ауқымды құрылыс-жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін танымал туристік нысанға қатынау қауіпсіз әрі жайлы болады.

Осыған байланысты асфальт төсеу кезінде жол жұмысшылары мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күн сайын сағат 06:00-ден 18:00-ге дейін көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген. Туристік маусымның қызғанын ескере отырып, көліктерді өткізу үшін 12:00-13:00 аралығында қосымша уақыт қарастырылған.

Алайда «ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, соңғы күндері жөндеу жүріп жатқан учаскеде демалушылар тарапынан агрессивті әрекеттер жиілеген.

«Жол қызметкерлерін қорлау, қоқан-лоқы көрсету, арнайы техниканың жұмысына кедергі келтіру және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлерге күш қолдану фактілері тіркелді. Мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды. Жолда еңбек етіп жүрген мамандардың мақсаты – мыңдаған туристің Рахман қайнарына қауіпсіз әрі жайлы жетуіне жағдай жасау», – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол».

Компанияның айтуынша, техниканың жолын бөгеу мен белгіленген қозғалыс тәртібін сақтамау жөндеу жұмыстарының мерзіміне тікелей әсер етеді. Мұндай кедергілер көбейген сайын уақытша шектеулердің де ұзаққа созылуы мүмкін.

«Жаз – туристік қозғалыс ең жоғары болатын кезең. Осыған байланысты жол қызметтері демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін күндізгі уақытта қосымша өту мүмкіндігін ұйымдастырды. Барша жол қозғалысына қатысушылардан белгіленген тәртіпті сақтауды, жұмысшылардың талаптарына түсіністікпен қарауды және өзара құрмет танытуды сұраймыз», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ұлттық компания күш қолдану, қорқыту, қорлау және жол қызметкерлерінің заңды жұмысына кедергі келтіру Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.

Оқу үшін