Интернет алаяқтарға банк шотын жалға берген астаналық сотталды

Фото: Depositphotos
Елорданың 19 жасар тұрғыны қосымша табыс табу мақсатында әлеуметтік желідегі «жеңіл табыс» туралы хабарландыруға жауап берген, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Ол интернет-мессенджерлердің бірі арқылы белгісіз адамдармен байланысқа шығып, олар оған сыйақы үшін өз атына банк шотын ашып, криптовалютамен операциялар жүргізу сылтауымен оған қолжетімділікті беруді ұсынған. Олардың нұсқауын орындап, ол қашықтан өз атына банк шотын ашып, мобильді банктік қосымшадағы логині мен құпиясөзін үшінші тұлғаларға берген. Осы арқылы бөгде адамдарға өзінің банк шотын еркін пайдалануға мүмкіндік жасаған. Аталған әрекеттері үшін ол жалпы сомасы 30 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы алып, оны өз қалауынша жұмсаған»,- делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Кейіннен берілген банк шоты арқылы алаяқтық әрекеттерге байланысты қаржылық операциялар жүргізілген. Тек содан кейін ғана жас жігіт өзінің банк шоты қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты аудару үшін үшінші тұлғалар тарапынан пайдаланылғанын анықтаған.
Мемлекеттік айыптаушы сотқа сотталушының кінәсін толық дәлелдейтін жеткілікті дәлелдемелерді ұсынып, олардың негізінде сот айыптау үкімін шығарды.
«Сотталушыға 50 АЕК мөлшерінде, яғни 216 250 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Үкім 29.05.2026ж. заңды күшіне енді»,- деп хабарланды.
Елорда прокуратурасы банк шоттарын, төлем карталарын, олардың деректемелерін, сондай-ақ мобильді банктік қосымшалардың логиндері мен құпиясөздерін үшінші тұлғаларға беру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.


