NoFake

Жеке электросамокаттарға мемлекеттік нөмір керек пе

Фото: depositphotos

Алматы полициясы жеке меншік электросамокаттарды мемлекеттік тіркеуден өткізу және оларға мемлекеттік нөмір алу қажет деген ақпаратқа түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, бұл талап тек жалға берілетін электросамокаттарға қатысты.

«Тіркеу талаптары тек жалға берілетін электросамокаттарға ғана қатысты. Жеке меншік электросамокат иелеріне мемлекеттік тіркеуден өтіп, мемлекеттік нөмір алу талап етілмейді», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Полицияның мәліметінше, кикшеринг қызметін көрсететін компаниялармен бірлесіп, жалға берілетін электросамокаттарды жеке тіркеу нөмірлерімен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жол қозғалысы ережесі бұзылған жағдайда көлік құралын және оны пайдаланушыны жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін жеке мобильділік құралдарын пайдаланушыларға бақылау күшейтілген.

Алматы қаласы Полиция департаментінің дерегінше, биылғы алты айда қалада электросамокаттардың қатысуымен 83 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 89 адам жарақат алған.

Ведомствоның айтуынша, енгізілген өзгерістердің мақсаты – айыппұл санын көбейту емес, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және электросамокат пайдаланушыларының жауапкершілігін күшейту.

Оқу үшін