Филиппиндік әйел ЖИ көмегімен жасалған «Дубай ханзадасына» сеніп жинағынан айырылған

Фото: Depositphotos
Жасанды интеллект технологиясын пайдаланған алаяқтар өздерін Дубайдың тақ мұрагері ретінде таныстырып, адамдармен романтикалық қарым-қатынас орнатып, кейін олардан ақша алдап алып жүргені анықталды. Бұл туралы AFP Fact Check хабарлады.
Басылымның мәліметінше, Филиппин азаматы Мария (аты-жөні өзгертілген) танысу сайтында өзін Дубайдың тақ мұрагері шейх Хамдан бен Мұхаммед әл Мактум ретінде таныстырған ер адаммен танысқан. Кейін олардың әңгімесі мессенджерге ауысып, алаяқ күн сайын махаббат туралы хабарламалар жіберіп, бейнеқоңыраулар арқылы сөйлескен.
Мария бастапқыда бейнеқоңырауда көрген адамның шынайы ханзада екеніне сенген. Алайда кейін оның дауысы мен ерін қимылы сәйкес келмейтінін байқамаған. Бір жыл ішінде әйел барлық жинаған қаражатынан айырылған.
Қылмыстық топтар Нигериядан
Алаяқ одан «неке туралы куәлік» пен «корольдік мүшелік картасын» рәсімдеу сылтауымен 100 мың филиппин песосын (шамамен 1625 АҚШ доллары) алған. Кейін Дубайдағы қонақүйде кездесу үшін тағы 60 мың песо сұраған кезде әйел күдіктене бастаған. Facebook-тегі аккаунтты тексергенде оның Нигерияда тіркелгенін анықтап, байланысын үзген. AFP Fact Check зерттеуіне сәйкес, мұндай алаяқтық схемалар көбіне Нигериядағы қылмыстық топтармен байланысты. Олар Дубай ханзадасының әлеуметтік желілердегі танымалдығын пайдаланып, жалған аккаунттар ашады.
Романтикалық манипуляция
Кейбір топтарда мыңдаған жазылушы бар, ал пайдаланушылар WhatsApp немесе Telegram арқылы «ханзадамен» сөйлесуге шақырылады. Алаяқтар жасанды интеллект көмегімен өңделген суреттер мен бейнелерді пайдаланады. Мысалы, әлеуметтік желілерде ханзаданың сақина ұсынып тұрғаны немесе қызыл раушан гүлін ұстап тұрғаны бейнеленген жалған суреттер жарияланып, олардың астына романтикалық хабарламалар жазылған. Мария танысу сайтында өзін Фазза лақап атымен танымал ханзада Хамдан бин Мұхаммед ретінде таныстырған алаяқтың құрығына түскен. Кейін олардың әңгімесі мессенджерде жалғасып, ол әйелге романтикалық хабарламаларды үздіксіз жібере бастаған.
«Ол мен ұйықтап жатқанда да хабарлама жіберуін тоқтатпады», – деді аты-жөні мен жасын жарияламауды өтінген филиппиндік үй қызметкері AFP агенттігіне.

Бұл схеманың кең таралуына байланысты Instagram-да пайдаланушыларды ескерту мақсатында арнайы парақшалар ашылған. Сонымен қатар Change.org платформасында «Stop the Fazza Scam» атты петиция жарияланып, Дубай билігін ханзада атын жамылған алаяқтарға қарсы ақпараттық жұмыстарды күшейтуге шақырған.
Технологияның күші
Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект негізіндегі бет ауыстыру (face swap) және нақты уақыт режимінде бейне жасау технологиялары жылдам дамып келеді. Соның салдарынан бейнеқоңыраудың шынайы немесе жалған екенін анықтау барған сайын қиындай түспек.
Корнелл университетінің профессоры Дэвид Рэндтің пікірінше, технологияның қарқынды дамуы жақын болашақта нақты уақыттағы дипфейктерді ажыратуды іс жүзінде мүмкін емес деңгейге жеткізуі ықтимал.


