NoFake

13 банк картасы тәркіленді: Алматыда интернет-алаяқтардың курьері ұсталды

Фото: ІІМ

Алматы қаласында интернет-алаяқтардың тапсырмаларын орындап жүрген деген күдікпен 22 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Жамбыл облысының полициясы мәлімдеді.

Тергеу мәліметінше, күдікті қылмыстық схемада курьердің қызметін атқарған. Ол ұйымдастырушылардың нұсқауымен банк карталары мен ұялы телефондарды тасымалдап, банкоматтар арқылы қолма-қол ақша шешіп отырған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті 2026 жылдың сәуір айынан бастап банк карталары мен телефондарды жеткізумен айналысқан. Тергеу барысында оның осы кезеңде бірнеше рет Қазақстаннан тыс жерлерге шығып, ел азаматтарының банк карталарын интернет-алаяқтықпен айналысатын қылмыстық топ мүшелеріне тапсырғаны анықталды», – деп хабарлады полиция.

Күдіктіні ұстау кезінде одан бес ұялы телефон мен екінші деңгейлі түрлі банктерге тиесілі 13 банк картасы тәркіленді. Алдын ала мәліметке сәйкес, карта иелері оларды ақшалай сыйақы үшін өз еркімен пайдалануға берген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Полиция азаматтарды банк карталарын, олардың деректемелерін және ұялы құрылғыларын бөгде адамдарға бермеуге, сондай-ақ банк шоттарын пайдалану немесе ақша аударымдары арқылы «жеңіл табыс» табуды ұсынатын күмәнді ұсыныстарға келіспеуге шақырды.

Оқу үшін