Астанадағы бірнеше жол апаты бойынша сот шешімі шықты: не белгілі

Фото: astana.sud.kz
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, бірнеше жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушіге қатысты әкімшілік іс бойынша шешім шығарды.
Соттың ресми хабарламасында құқық бұзушының аты-жөні көрсетілмей, тек «азамат Е» деп берілген. Сонымен қатар бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желідегі парақшалар бұл істі қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен байланыстырды. Алайда қазіргі уақытқа дейін бірде-бір мемлекеттік орган сот қаулысында көрсетілген «азамат Е» Данияр Елеусінов екенін ресми түрде растаған жоқ. Сот мәліметінше, жүргізуші алкогольдік масаң күйде көлік басқарып, Астана көшелерінде үш бірдей жол-көлік оқиғасына себеп болған.
«Азамат Е. алкогольдік масаң күйде автокөлікті басқарып, Астана қаласының көшелерімен келе жатып 3 жол-көлік оқиғасын жасаған. Жүргізуші жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соқтығысқан, кейін басқа автокөлікпен соқтығысып, инерцияның әсерінен тағы бір көлікке соғылған. Кейін Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққының әсерінен аталған көлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған», – делінген сот хабарламасында.
Жол апаттарының салдарынан бірнеше көлік механикалық зақымданып, олардың иелеріне материалдық шығын келтірілген. Соттың мәліметінше, жүргізушінің кінәсі медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденген. Сараптама нәтижесінде оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған. Бұдан бөлек, іс бойынша әкімшілік хаттамалар, жол-көлік оқиғаларының сызбалары, бейнежазбалар, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелері және өзге де дәлелдер зерттелген. Сот отырысында жүргізуші өз кінәсін толық мойындаған.
«ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша азамат Е.-ге 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», – деп хабарлады сот.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Данияр Елеусіновтің Астанада бірнеше жол апатына қатысып, полиция қызметкерлері ұстағаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін Астана қаласының полициясы оқиғаның болғанын растағанымен, жүргізушінің жеке басын жарияламаған еді. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.


