Студенттерді күштеп әскерге әкетуге бола ма: министрлік жауабы

Фото: Telegram/Қорғаныс министрлігі
Әлеуметтік желілерде студенттерді оқу жылын аяқтамай жатып, әскерге әкетуі мүмкін деген ақпарат жиі тарайды. Nofake.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінен жауап алды.
ҒЖБМ Жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан Қазақстанда әскерге шақыру жылына екі рет: наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айлары аралығында өткізілетінін түсіндірді.
Министрлік өкілінің айтуынша, жоғары оқу орындарының студенттері оқуын әдетте маусым айының соңында аяқтайды. Сондықтан шілде және тамыз айлары магистратура мен докторантураға құжат тапсырып, емтихан тапсыруға арналған кезең болып саналады.
«Келесі әскерге шақыру қыркүйек айынан басталады. Сондықтан егер азамат жоғары білім базасында білім алушы ретінде тіркелген болса, осы уақыт аралығында оны әскерге шақыруға ешқандай заңнамалық негіз жоқ», – деді министрлік өкілі.
Сондай-ақ министрлік бұл мерзімде түлектерге магистратура немесе докторантураға түсу жөнінде шешім қабылдап, қабылдау емтихандарын тапсыруға толық мүмкіндік берілетінін атап өтті.
«Ары қарай магистратура, доктарантураға түсемін деген азаматтарға қыркүйек айына дейін шешім қабылдауына, емтихан тапсыруына мүмкіндік берілген. Ал егер оқуға қабылданбаса, келесі қыркүйек айынан бастап келесі әскерге шақырту мерзіміне ілігеді», — деді ол.
Бұдан бөлек, министрлік ЖОО-да «студент» мәртебесі сақталған азаматтарды осы кезеңде әскерге шақыруға құқықтық негіз жоқ екенін тағы да еске салды.
«Ары қарай магистратура, доктарантураға түсемін деген азаматтарға қыркүйек айына дейін шешім қабылдауына, емтихан тапсыруына мүмкіндік берілген. Ал егер оқуға қабылданбаса, келесі қыркүйек айынан бастап келесі әскерге шақырту мерзіміне ілігеді», — деп түсіндірді ол.
Түйін
Магистратура немесе докторантураға түсуге ниетті түлектерді шілде — тамыз айларында әскерге алып кетеді деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл кезеңде әскерге шақыру жүргізілмейді, ал келесі шақыру тек қыркүйек айында басталады. Сондықтан талапкерлерге құжат тапсырып, қабылдау емтихандарын тапсыруға заңмен мүмкіндік берілген. Ал, егер студенттер жоғары білім базасында білім алушы ретінде тіркелген болса, осы уақыт аралығында оны әскерге шақыруға ешқандай заңнамалық негіз жоқ. Себебі, ондай ереже немесе талап ешқандай заңда бекітілмеген.


