«ҚазАвтоЖол» мердігерлерді алаяқтардан сақ болуға шақырды

Фото: ҚазАвтожол
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мердігер, қосалқы мердігер ұйымдар мен әлеуетті жеткізушілерге жол жобалары мен жұмыс көлемін алуға ақшаға «көмектесеміз» деп уәде беретін үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттері туралы ескертеді.
Қолда бар мәліметке сәйкес, белгісіз адамдар мердігер компаниялардың өкілдерімен байланысқа шығып, өздерін делдал ретінде таныстырады. Олар ұлттық компанияда байланыстары бар екенін айтып, жұмыстарды бөлуге немесе сатып алу рәсімдерінің нәтижесіне ықпал ете алатынын уәде етеді. Жеке кездесулер кезінде алдын ала төлем талап етіп, әрекеттері «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығымен келісілгенін алға тартады.
«Аталған адамдардың «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Компания басшылығы мен қызметкерлері үшінші тұлғаларға келіссөз жүргізуге, жобалар алуға уәде беруге, жеткізушілердің мүддесін қорғауға немесе тендер нәтижелеріне ықпал етуге ешқандай өкілеттік берген емес»,- деп ресми түрде мәлімдеді.
Барлық сатып алу рәсімдері тек Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Конкурстар, қатысу шарттары, өтінімдерді қабылдау мерзімдері және сатып алу қорытындылары туралы ақпарат мемлекеттік сатып алудың ресми веб-порталында жарияланады.
«ҚазАвтоЖол» мұндай әрекеттерде алаяқтық, заңсыз делдалдық және нарық қатысушыларын сыбайлас жемқорлық схемаларына тарту белгілері болуы мүмкін екеніне ерекше назар аударады. Мұндай схемаларға қатысу тек ақшаға «мәселені шешуді» ұсынатын адамдар үшін ғана емес, бейресми келісімдерге барып, ақша беруге немесе заңда көзделмеген жолмен артықшылық алуға әрекеттенетін тұлғалар үшін де ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін»,- делінген хабарламада.
Ұлттық компанияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі тұрақты негізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, алаяқтық схемаларды анықтау және сатып алу рәсімдерін заңсыз араласудан қорғау жұмыстарын жүргізеді. Осындай фактілер бойынша келіп түскен барлық өтініштер мен хабарламалар қаралады, ал құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда материалдар құзырлы органдарға жолданады.
Компания мердігер және қосалқы мердігер ұйымдарды қырағылық танытуға, күмәнді тұлғаларға ақша бермеуге, бейресми келіссөздерге қатыспауға және сатып алуға қатысты барлық ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.
«Егер сізге сыйақы үшін «көмек көрсету», «ықпал ету», жеткізушілердің мүддесін қорғау, тендер нәтижесіне әсер ету немесе жол жобаларын алып беру туралы ұсыныстар түссе, бұл туралы дереу компанияның комплаенс қызметіне хабарлауыңызды сұраймыз. Байланыс арналары: сенім телефоны +7 (7172) 64-87-35, электрондық пошта: hotline@qaj.kz»,- деп хабарлады компания.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жол жобалары делдалдар, жеке келісімдер немесе алдын ала төлемдер арқылы бөлінбейтінін тағы да еске салады. Компания атынан «мәселені шешіп береміз» деген кез келген уәде – алаяқтық болып табылады.


