«Счетчик ауыстырамыз»: Ақмола тұрғындары алаяқтарға 4 млн рәсімдеген

Фото: Depositphotos
Ақмола облысында тәртіп сақшылары энергиямен жабдықтаушы ұйым қызметкерлерінің кейпіне енген алаяқтардың екі бірдей қылмысын тіркеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Облыстық полиция дерегінше қаскөйлердің құрығына түскен екі тұрғынға келген жалпы шығын көлемі 4 миллион теңгеден асып жығылды.
Бірінші оқиға Астрахан ауданында тіркелген. Мұнда өздерін аудандық электр желілерінің қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар тұрғынға есептегішті ауыстыру қажеттігін айтқан. Соңғы заманауи алаяқтық схемалардың бірін қолданған олар ер адамды алдап, оның атына 440 мың теңгеге несие рәсімдеп үлгерген. Алынған қаражат бірден дропперлердің , яғни ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырушылардың, шотына аударылған.
Дәл осы күні екінші арыз Зеренді ауданынан түскен. Шағалалы ауылының 48 жастағы тұрғыны да дәл осы тәсілмен алданған. Алаяқтар өздерін «Астанаэнергосбыт» (АЭС) қызметкерлеріміз деп сендіріп, әйел адамның атына 3 миллион 700 мың теңгеге екі бірдей несие рәсімдетіп, ақшаны өз шоттарына аудартып алған.
Қазір аталған екі факті бойынша да қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Энергетиктер ешқашан код сұрамайды
Мұндай оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты өңірлік полиция департаменті азаматтарға шұғыл ескерту жасап, қауіпсіздік ережелерін жариялады.
«Алаяқтар электр есептегіштерін «ауыстыру» немесе «тексеру» схемасын жиі қолданады. Олар SMS-кодты атауды, несие ресімдеуді немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрауы мүмкін. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлері кодтарды сұрамайды және аударымдарды талап етпейді. Мұндай қоңыраулар болған кезде әңгімені дереу тоқтатып, ресми нөмірлер бойынша ұйымға хабарласып, полицияға хабарлауыңыз керек», — деп дабыл қақты полиция өкілдері.
Мамандар бейтаныс адамдардан қоңырау түсіп, қандай да бір сипаттағы мемлекеттік немесе коммуналдық қызмет түрін ұсынса да, ешқандай жеке мәліметті, әсіресе телефонға келген құпия SMS-кодтарды ешкімге айтпауды сұрайды.


