Жалған әлеуметтік қызметкерлер 94 жастағы кейуананың 1 млн теңгесін алып кеткен

Cкрин видеодан
Қарағандыда өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырып, 94 жастағы кейуананың 1 миллион теңгесін жымқырды деген күдікпен екі әйел ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Оқиға маусым айының соңында болған. Полиция мәліметінше, күдіктілер зейнеткердің үйіне келіп, ескі үлгідегі банкноттарды жаңасына ауыстыру қажет екенін айтып, үйде сақталған ақшаның қайда тұрғанын сұраған. Кейуана олардың сөзіне сеніп, жинаған қаражатының орнын көрсеткен.
«Еш күмәнданбаған кейуана жинаған ақшасының орнын көрсеткен. Арада көп уақыт өтпей, бейтаныс әйелдер үйден шығып кеткен соң зейнеткер өзіне тиесілі 1 миллион теңгенің жоғалғанын байқап, бірден полицияға хабарлаған», – делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, күдіктілердің жүрген бағытын анықтаған. Нәтижесінде олардың жеке басы белгілі болып, екі әйел ұсталды. Олар Алматы қаласының тұрғындары екені анықталды.
Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Полиция азаматтарды, әсіресе егде жастағы туыстарын алаяқтардың кең таралған айла-тәсілдері туралы алдын ала ескертіп отыруға шақырады. Өзін әлеуметтік қызметкер, коммуналдық қызмет немесе өзге мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырған бейтаныс адамдарды үйге кіргізбеңіздер. Ақшаңыздың немесе бағалы заттарыңыздың қайда сақталғанын көрсетпеңіздер», – деп ескертті полиция.
Полиция күдіктілердің Қарағанды облысы мен еліміздің өзге өңірлерінде жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.


