Камералдық бақылау қай кезде банк картаңызды бұғаттайды

Фото: Depositphotos
Желіде кәсіпкерлер арасында «егер салық органынан камералдық бақылау хабарламасы келсе, бұл – бірден үлкен айыппұл арқалау немесе кәсіпкерлікті жаппай тексерудің басталуы» деген қорқыныш туындап жатады.
Салықтық әкімшілендіру департаментінің директоры Бектас Әділғалиев камералдық бақылауға қатысты халық күмәнданған сұрақтарға жауап берді.
1-МИФ: «Камералдық бақылау хабарламасы – бұл жазалау және айыппұл»
Шындық: Салық органдары бүгінде жазалау тәсілінен құқық бұзушылықтардың алдын алу қағидатына көшкен. Камералдық бақылаудың басты мақсаты – жазалау емес, салық төлеушіге қатесін өз бетінше, айыппұлсыз түзетуге мүмкіндік беру.
«Камералдық бақылаудың басты мақсаты – салық төлеушіге анықталған сәйкессіздіктерді өз бетінше түзетуге мүмкіндік беру. Егер жүйе қандай да бір сәйкессіздікті анықтаса, салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Осыдан кейін 30 жұмыс күні ішінде түсіндірме беруге немесе салық есептілігіне түзетулер енгізуге болады. Яғни, ең алдымен салық органы салық төлеушіге тексеру жүргізбей-ақ, анықталған сәйкессіздіктерді ерікті түрде түзетуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті маман.
2-МИФ: «Егер түсініктеме өтпесе немесе қате жойылмаса, тағайындалатын салықтық тексеру автоматты түрде айыппұл салуды білдіреді»
Шындық: Егер салық төлеуші сәйкессіздікті жоймаса немесе дәлелді уәж келтірмесе, тақырыптық тексеру тағайындалуы мүмкін. Алайда, бұл кәсіпкер бірден кінәлі деп танылады деген сөз емес.
«Егер салық төлеуші сәйкессіздіктерді жоймаса немесе негізді түсіндірме ұсынбаса, онда салық органы тақырыптық салықтық тексеру тағайындауға құқылы. Бұл жерде бір маңызды мәселені атап өткен жөн. Тексерудің тағайындалуы салық міндетті түрде қосымша есептеледі дегенді білдірмейді. Тексеру барысында барлық құжаттар мен нақты жағдайлар жан-жақты зерделенеді», — деді Бектас Әділғалиев.
3-МИФ: «Шотты бұғаттауды салықшылар өздері шешіп, қолмен істейді»
Шындық: Бұл процесте адами фактор мүлдем жоқ. Бүгінде камералдық бақылаудың барлық негізгі кезеңдері толық автоматтандырылған. Егер 30 жұмыс күні ішінде жауап берілмесе, банк шоттарын бұғаттау жүйе арқылы автоматты түрде қосылады. Сол сияқты, хабарлама орындалған бойда шектеулердің бәрі қайтадан автоматты түрде алынып тасталады.
Кәсіпкерлерге салық комитетінен кеңес
Мемлекеттік кірістер органы салық төлеушілерге үрейге бой алдырмай, байсалдылық танытуды және заң талаптарын орындауды ұсынады. Департамент басшысы кәсіпкерлерге тікелей үндеу жасады.
«Камералдық бақылау бойынша келген хабарламаны жауапкершілік шарасы ретінде қабылдамаңыздар. Бұл – ең алдымен анықталған сәйкессіздіктерді өз бетінше түзетуге берілген мүмкіндік. Егер сіз бұзушылық жоқ деп есептесеңіз, түсіндірмені және оны растайтын құжаттарды мүмкіндігінше толық ұсынуға кеңес береміз. Бұл жағдайды жан-жақты қарауға және камералдық бақылауды қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – хабарламаны назардан тыс қалдырмаңыздар», — деді департамент басшысы.
Демек, «камералдық бақылау – кәсіпкерді бірден тонау немесе жазалау құралы» деген ақпарат – фейк.


