NoFake

Борсық пен суыр, қой майы жөтелді емдей ме: Бас пульмонолог жауап берді

Коллаж: NoFake.kz

Халық арасында жөтел қысқанда  қойдың құйрық майын, борсық немесе суыр майын ішу немесе онымен денені сылау жиі қолданылады. Бұл әдістер шынымен дертке шипа ма, әлде денсаулыққа қауіпті ме?

«Ата-баба әдісі» және дәлелді медицина

 NoFake.kz  бұл сұрақтың жауабын Астана медицина университетінің Тыныс алу жүйесі медицинасы ғылыми-зерттеу институты директоры, еліміздің Бас штаттан тыс пульмонологы Наталья Латыповадан сұрады. Дәрігердің айтуынша, борсық, суыр немесе қой майымен емделу бүгінде ешқандай нақты ғылыми дәлелі жоқ, өткен ғасырдан қалған ескірген әдістердің қатарына жатады. Маман медицинада пайдалы деп тек ешқандай зиян келтірмейтін әдісті ғана атауға болатынын алға тартады.

«Егер бұл әдістің пайдасымен қоса белгілі деңгейде адам ағзасына зияны да болса, оны пайдалы деп атау қиын. Бұдан ешқандай ғажап әсерді күтудің қажеті жоқ», — дейді Наталья Латыпова.

Жануар майын ішудің зияны қандай

Маман майды, мейлі ол борсық, суыр немесе қойдың майы болсын, ішке қабылдау өкпені тазартпайды, керісінше адам ағзасының басқа мүшелеріне, әсіресе ас қорыту жүйесіне үлкен соққы болып тиетінін айтады. Дәрігер жануарлардың майын шамадан тыс ішудің бірнеше зардабын атады.

«Өкпедегі газ алмасу процесін атқаратын альвеола-капиллярлық мембраналардың құрамында липидтер (майлар) бар екені рас. Бірақ бұл ағзаға сырттан қосымша жануар майын құю керек дегенді білдірмейді. Адам өзіне қажетті май мөлшерін күнделікті қалыпты тағамнан-ақ алады. Сырттан ауыр майларды ішу пайдасынан қарағанда, ағзаға көбірек зиян тигізеді. Салдарынан -бауырдың майлануы, бауыр мен ұйқы безі қызметінің бұзылуы және қандағы холестериннің артуы және атеросклероздың асқыну қаупі тауындауы мүмкін», — деді еліміздің Бас пульманологы.

Кеудеге май жағудың пайдасы қандай?

Ал майды кеуде тұсына жағып, сылау — тек жылыту эффектісі ретінде ғана белгілі бір деңгейде әсері болуы мүмкін дейді маман. Алайда мұны тек аурудың беті қайтқан кезде ғана жасауға болады.

«Суық тию кезінде, дәлірек айтқанда суық тию қайта бастаған кезеңде, кеуде тұсын маймен сылап жылыту, құрғақ орау белгілі бір деңгейде оң әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл тек кеуде тұсын жылытудың бір элементі ғана, әйтпесе, бұны жасамай-ақ жазылып кетуге болады», — деп нақтылады дәрігер.

Осылайша, борсық, суыр және қой майы жөтелді емдейтін құрал емес. Мұндай халықтық әдістердің тиімділігі ғылыми дәлелденбеген, ал майды ішу денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан жөтел кезінде дәрігер ұсынған дәлелді медицина әдістерін қолданған дұрыс.

Оқу үшін