Қазақстан Ресейге жанар-жағармай жеткізе ме: министрлік мәлімдемесі

Иллюстративное фото: Depositphotos
Соңғы күндері әлеуметтік желіде және бірқатар БАҚ-та Ресей азаматтарының Қазақстанмен шекаралас өңірлерден арза бағада бензин сатып алып, елдеріне қайтып жатқандары туралы видео тарады. Nofake.kz Энергетика министрлігіне сауал жолдап, ресми түсінік сұрады.
«Ресей Федерациясы Үкіметінен автомобиль отынын сатып алу туралы ресми өтініш түссе, Қазақстан жанар-жағармайды өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын. Мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы халықаралық келісімдер мен коммерциялық шарттар тек бос ресурстық әлеует болған жағдайда ғана жасалуы мүмкін», — делінген хабарламада.
Ведомство, бұл ретте Қазақстан елдің ішкі нарығын жанар-жағармаймен толық әрі үздіксіз қамтамасыз етуге басымдық беретінін атап өтті.
«Экспорттық жеткізілімдер тек азаматтар мен ел экономикасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қауіп төнбеген жағдайда ғана жүзеге асырылады», — деді ведомство өкілдері.
Елдегі ахуал қандай?
Энергетика министрлігі қазіргі таңда елімізде жанар-жағармай тапшылығының туындау қаупі жоқ екенін мәлімдеді.
«Ішкі нарықта мұнай өнімдерінің жеткілікті қоры қалыптасқан, бұл жазғы және туристік маусымда тұтынушыларды тұрақты әрі үздіксіз жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда резервтердің жалпы көлемі 1,1 млн тоннадан асады. Оның ішінде АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин, сондай-ақ дизель отыны бар. Бұл қорлар тұрақты түрде отандық мұнай өңдеу зауыттарының ағымдағы өндірісі есебінен толықтырылып отырады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ведомство бұған дейін енгізілген мемлекеттік реттеу шаралары күшінде қалатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, автомобиль және теміржол көлігімен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға қойылған уақытша шектеу биылғы жылдың 21 қарашасына дейін ұзартылған.
«Сонымен қатар, көлік құралдарының мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу қойылған. 20 маусымнан бастап шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілді. Бұл жұмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және Қаржылық мониторинг агенттігінің бөлімшелері тартылған», — деп түсіндірді мамандар.
Құзырлы орган тарапынан бақылау бар ма?
Министрлік ел ішіндегі жағдай Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында деп сендірді. Бұл ретте әкімдіктер жанынан кәсіпкерлік басқармаларының қатысуымен әкім орынбасарлары жетекшілік ететін өңірлік штабтар жұмыс істейтінін атап өткен жөн.
«Жергілікті жерлерде негізгі бақылау жұмыстарын Мемлекеттік кірістер департаменттері, Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменттері және Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері жүргізіп жатыр», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда олар жанармай құю станцияларындағы жанар-жағармай қорының жеткіліктілігін тексеріп, жанар-жағармайды заңсыз әкету фактілерінің жолын кесуге және сатушылар тарапынан болуы мүмкін негізсіз әрекеттерге жедел ден қоюға бағытталған күшейтілген нысаналы тексерулер жүргізіліп жатыр, дейді мамандар.
Құзырлы ведомство Қазақстанда автомобиль отынының бөлшек сауда бағасын мемлекет реттемейтінін, осылайша жанармай бағасы нарықтық қағидаттар негізінде қалыптасатынын жеткізді.


