NoFake

Болашақ әскерге шақырылушылар нені білуі қажет — Министрлік түсіндірді

Фото: Depositphotos

Қорғаныс министрлігі болашақ әскерге шақырылушыларға арналған жадынаманы жариялады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ведомство әскери есепке қою, шақыруды кейінге қалдыру, цифрлық қызметтер, білім гранттары мен кредиттік демалысқа қатысты маңызды ақпараттарды түсіндірді.

Әскери қызметтің жаңа форматы

Министрліктің мәліметінше, Президент қолдаған «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидаты аясында әскери қызметтің негізгі кезеңдері жаңартылуда. Енді әскерге шақыру, Әскери ант қабылдау және запасқа шығару рәсімдері мемлекеттік хаттама талаптарына сай салтанатты форматта өтеді.

Әскери есеп автоматты түрде жүргізіледі

2023 жылдан бері іске асырылып жатқан «Smart әскери комиссариат» жобасы аясында әскери есепке қою рәсімдері автоматтандырылды. Тұрғылықты жері өзгерген азаматтар әскери есепке автоматты түрде қайта қойылады. 2025 жылдың өзінде осылайша 434 мыңнан астам азамат қайта есепке алынған.

Астанада 17 жасқа толған жасөспірімдерді әскери есепке автоматты түрде қою жүйесі енгізілген. Биылғы қаңтар–маусым аралығында оқу процесінен қол үзбей 6 079 жасөспірім әскери есепке қойылды.

Кейінге қалдыру үшін анықтама қажет емес

Енді студенттер, некеде тұрған азаматтар, баласы бар адамдар, мүгедектігі бар азаматтар және ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтер әскери қызметті кейінге қалдыру үшін комиссияға барып, қосымша анықтама жинамайды. Барлық мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде тексеріледі. Кейінге қалдыруға негіз болған жағдай жойылса, бұл мәртебе де автоматты түрде тоқтатылады.

Барлық қызмет онлайн қолжетімді

Әскерге шақыру туралы бұйрықтар электронды форматта рәсімделеді. Шақыру комиссияларының хаттамалары цифрлық түрде жүргізіледі, ал әскери есепке қатысты барлық ақпарат eGov және mGov порталдарындағы жеке кабинетте қолжетімді. Сонымен қатар әскери бөлімдерде сарбаздардың жақындарымен байланысуына мүмкіндік беретін «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі жұмыс істейді. Азаматтарға арналған ARMIA.KZ ақпараттық сервисі де іске қосылған.

Әскерден кейін грантқа түсуге болады

Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар ҰБТ нәтижесін есепке алмай-ақ жоғары оқу орындарының мемлекеттік білім гранттарына түсе алады.

Бұл үшін «Сарбаз» цифрлық платформасы қолданылады. 2023 жылдан бері шамамен 10 мың сарбаз осы мүмкіндік арқылы жоғары оқу орындарына қабылданған. Биылғы көктемде 1 мыңнан астам әскери қызметші білім грантын жеңіп алды.

Кредиттік демалыс қарастырылған

Әскери қызмет кезінде кредиттік демалыс беріледі. Бүгінде 20 мыңнан астам әскери қызметшіге негізгі қарыз бен сыйақы төлемдері бойынша жалпы көлемі шамамен 9 млрд теңгеге кейінге қалдыру рәсімделген.

Әскерде мамандық меңгеруге болады

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, мерзімді әскери қызмет барысында сарбаздар нақты экономикада сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгере алады. Оқу аяқталған соң оларға тиісті сертификаттар беріледі.

Оқу үшін