Алматы ТЖ департаменті сел қаупіне қатысты ресми үндеу жасады

Фото: Depositphotos
Алматылықтарға Наурызбай ауданында су басу қаупіне байланысты ұлттық хабарлама жіберілді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті бұл тұрғындарды дер кезінде хабардар етуге бағытталған алдын алу шарасы екенін түсіндірді.
ТЖМ мәліметінше, «Қазгидромет» болжамына сәйкес, нөсер жауын-шашынға байланысты Алматының таулы аймақтарында сел жүру қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты ТЖМ, «Қазселденқорғау» және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
«Халықты жедел хабардар ету мақсатында Наурызбай ауданында жергілікті құлақтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл – тұрғындарға ақпаратты уақтылы жеткізуге бағытталған алдын алу шарасы. Сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенулеріңізді сұраймыз», – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, сел қаупі бар учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр, ал құтқару бөлімшелері жедел әрекет етуге дайын. ТЖМ азаматтарға ауа райы тұрақталғанға дейін Іле Алатауының таулы аймақтарына бармауға кеңес берді. Сондай-ақ тауда жүрген жағдайда өзен арналары мен сел жүруі мүмкін қауіпті учаскелерден дереу кетіп, тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.


