NoFake

«Е-Заң көмегімен» адвокат кез келген азаматтың жеке деректерін біле ала ма

Фото: adilet.gov.kz

Threads-те «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесі арқылы адвокаттар азаматтардың рұқсатынсыз-ақ олардың жеке деректеріне емін-еркін қол жеткізе алады деген ақпарат тарады. Осыған байланысты Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли «NoFake.kz» редакциясына арнайы түсініктеме беріп, бұл қауесетті жоққа шығарды.

Скрин әлеуметтік желідегі жазба мен пікірлерден

Министрлік өкілінің сөзінше, жүйеде азаматтардың құпиялылығын қорғайтын бірнеше сатылы қауіпсіздік сүзгісі орнатылған және заңды келісімсіз ешкімнің дерегі берілмейді.

«Е-Заң көмегі» арқылы кез келген адвокаттар жеке деректерге емін-еркін қол жеткізе алады деген шындыққа сәйкес келмейді. Себебі кез келген адвокат қандай да бір азаматтың заңды өкілі болып, оның құқығын қорғайтын болса, біріншіден, сол азаматтың келісімі алынады. Яғни, оның жеке деректерін «Е-Заң көмегі» базасынан алуға келісім алынады. Және де ол барлық деректерге емес, сол іске қатысты ғана деректерге беріледі», — деді маман.

Сондай-ақ, ол бірнеше факторлы қорғау сатысынан өтеді. Егер қандай да бір сұрау салынатын болса, міндетті түрде сол азаматтың ұялы телефонына келісімін береді ме, жоқ па – сол туралы СМС-хабарлама келеді. Тек осы келісімді алғаннан кейін ғана адвокат деректер базасына қол жеткізе алады.

«Азаматтың рұқсатынсыз жеке деректер таралып кеткен болса, бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», — деп жауап берді ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Еске салайық, «Е-Заң көмегі» – азаматтарға онлайн режимде заң көмегін көрсетуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйе. Ол арқылы адвокат пен заң консультантын таңдап, кеңес алуға және мемлекет кепілдік берген заң көмегін цифрлық форматта рәсімдеуге болады.

Оқу үшін