NoFake

Жаңа Конституция күшіне енді: бүгіннен бастап елде не өзгерді

Коллаж: NoFake.kz

Бүгін, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Құжат 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданып, 1995 жылдан бері қолданыста болған Конституцияның орнына енгізілді.

Жаңа Негізгі заң мемлекеттік басқару жүйесін едәуір өзгертеді: Парламенттің орнына Құрылтай құрылады, Қазақстан Халық Кеңесі мен вице-президент институты енгізіледі, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты бірқатар конституциялық нормалар жаңартылады. NoFake.kz жаңа Конституциядағы негізгі өзгерістерге шолу жасады.

Парламенттің орнына – Құрылтай

Жаңа Конституцияға сәйкес, қос палаталы Парламент (Сенат пен Мәжіліс) таратылып, оның орнына заң шығару билігін жүзеге асыратын бір палаталы Құрылтай құрылады. Құрылтай құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Заң шығару бастамасын Президент, Үкімет, депутаттар және Қазақстан Халық Кеңесі көтере алады.

Қазақстан Халық Кеңесі құрылды

Конституцияда жаңа консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі енгізілді. Кеңес қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ұсыныстар әзірлейді, Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады және республикалық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы.

Вице-президент қызметі қайта енгізілді

Қазақстанда вице-президент лауазымы қайта енгізілді. Оны Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіреді және өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. Сонымен қатар вице-президент депутат бола алмайды, саяси партия мүшесі болуына және кәсіпкерлікпен айналысуына тыйым салынады.

Конституциялық соттың рөлі күшейтілді

Жаңа Конституция Конституциялық соттың мәртебесін нақтылайды. Сот Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етіп, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің Негізгі заңға сәйкестігін қарайды.

Президенттің өкілеттіктері нақтыланды

Президент мемлекет басшысы әрі Конституцияның кепілі мәртебесін сақтайды. Сонымен бірге жаңа редакцияда Президенттің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктері, бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындау тәртібі және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік нақтырақ айқындалған.

Қос азаматтыққа қатысты талаптар өзгерді

Жаңа Конституцияда қос немесе бірнеше азаматтыққа қатысты нормалар нақтыланды.

Егер Қазақстан азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алса, бұл Қазақстан азаматтығын тоқтатуға негіз болуы мүмкін. Ал азаматтықтан айыру бұрынғыдай тек сот шешімімен және Конституцияда көрсетілген ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады.

Жеке деректерді қорғау күшейтілді

Жаңа Конституция азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауына қатысты кепілдіктерді кеңейтті.

Енді цифрлық технологиялар арқылы жиналған жеке деректер, электронды хат-хабарлар мен хабарламалардың құпиялығы да Конституциялық деңгейде қорғалады.

Сөз бостандығына қатысты нормалар нақтыланды

Конституция сөз бостандығына кепілдікті және цензураға тыйымды сақтап қалды.

Сонымен бірге сөз бостандығын жүзеге асыру кезінде қоғамдық тәртіпке, ұлттық қауіпсіздікке, басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне және қоғамның адамгершілік қағидаттарына нұқсан келтірмеу туралы талаптар нақтыланды.

Шетелдік қаржыландыруға талаптар күшейтілді

Жаңа редакцияда шетелдік қаржыландыруға қатысты талаптар кеңейтілді. Атап айтқанда, шетелдік мемлекеттердің, компаниялардың және азаматтығы жоқ адамдардың саяси қызметті қаржыландыруына қойылатын шектеулер күшейтілді. Сонымен қатар шетелден қаражат алатын коммерциялық емес ұйымдардың қаржылық ашықтығына қатысты жаңа талаптар енгізілді.

Адам құқықтары сақталды

Жаңа Конституция адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы болып қала беретінін тағы да бекітті. Сондай-ақ сот арқылы қорғану құқығы, жеке меншікке қол сұқпаушылық, кәсіпкерлік еркіндігі және заң алдындағы теңдік Конституциялық кепілдік ретінде сақталды.

Түйін

Жаңа Конституцияның күшіне енуі реформаның басталғанын білдіреді. Алдағы уақытта Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесін қалыптастыру, жаңа конституциялық заңдарды қабылдау және қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, бүгіннен бастап елдің мемлекеттік басқару жүйесі жаңа Конституция аясында жұмыс істей бастайды.

Оқу үшін