NoFake

Жалған дипломды қалай тексеруге болады және ол үшін қандай жауапкершілік бар

Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде жалған диплом жасап, оны пайдалануға болатыны туралы түрлі ақпарат тарайды. Nofake.kz бұл мәселе бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігінен жауап алды.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, бүгінде жоғары оқу орындары беретін барлық диплом Жоғары білімнің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы рәсімделеді.

«Министрлік тарапынан бүгінгі таңда ақпараттық технологиялардың көмегімен ЖОО диплом берген уақытта, жоғары білімнің бірыңғай жүйесі бар. Сонда әр университет өзінің дипломын береді. Егер студент сабаққа қатыспайтын болса, диплом жүйеде генерация жасамайды. Сондықтан 1991 жылдан бастап берілген бүкіл дипломдардың бүгінде цифрландырылып, базасы құрылды», – деді ол.

Оның сөзінше, қазақстандықтар өз дипломының түпнұсқалығын өздері де тексере алады.

«Сіз, мысалы, Kaspi-ді ашып қарасаңыз, өзіңіздің дипломыңызды растай аласыз, базада бар, диплом берілген деп. Ол базада болмай жатса, онда, әрине, күмән туады», – деді ол.

Комитет төрағасының орынбасары жалған диплом жасау немесе пайдалану заңмен жазаланатынын да еске салды.

«Алаяқтық фактісі бойынша жасанды диплом жасалған жағдайда, бұл жерде қылмыстық жауапкершілік көзделген», – деп атап өтті Ақерке Абылайхан.

Осылайша, бүгінде Қазақстанда 1991 жылдан бері берілген жоғары білім туралы дипломдардың бірыңғай электронды базасы қалыптастырылған. Егер диплом аталған жүйеде тіркелмесе, оның заңдылығына күмән туындауы мүмкін. Ал жалған диплом жасау немесе оны алаяқтық мақсатта пайдалану анықталған жағдайда, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Оқу үшін