«Әуежайда бір-ақ біледі»: Әділет министрлігі берешек туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Depositphotos
Қазақстандықтардың «берешек туралы ақпаратты әуежайда бір-ақ біледі» деген уәжін Әділет министрлігі теріске шығарып, шектеулер жайлы ескерту алдын ала берілетінін айтты, деп хабарлайды NoFake.kz.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, қазіргі цифрлық заманда әрбір азаматтың өз мәртебесін алдын ала бақылауға толық мүмкіндігі бар.
Ақпарат неге «жетпей қалады»?
Талғат Уәли қарыз туралы мәліметтің дер кезінде қолға тимеуі туралы уәждердің негізсіз екенін атап өтті.
«Жоқ, қарызы мен бұғатталуы туралы ақпарат адамға алдын ала жетпей қалады деген шындыққа жанаспайды. Себебі біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз, кез келгеніміздің смартфонымыз бар. Желіде арнайы қосымшалар жұмыс істеп тұр», — деді ведомствоның ресми өкілі.
Оның айтуынша, шетелге сапар шегер алдында кез келген азамат ешқандай кедергісіз өзінде бұғаттаудың бар-жоғына көз жеткізіп алуы тиіс. Ол үшін «Әділет гов» немесе eGov порталдары мен мобильді қосымшаларында жеке ЖСН-ді теру жеткілікті. Онда:
- Қандай да бір шектеулердің бар-жоғы;
- Шектеу қойылуының нақты себебі;
- Істі қарап жатқан сот орындаушысының деректері – мекенжайы, телефон нөмірі толық көрсетіледі.
Әуежайда қарызды төлеп, шектеуді бірден алуға бола ма?
Егер азамат шетелге шығар алдында өз басында айыппұл немесе берешек бар екенін байқамай қалған болса, мәселені жедел шешудің тетіктері қарастырылған.
«Егер айыппұл төлеу тетігі мемлекеттік органдармен интеграцияланған болса, сол жерде банк қосымшасымен төлесе, айыппұл автоматты түрде алынып тасталады», — деп толықтырды Талғат Уәли.
Министрлік өкілі кез келген келеңсіздіктің алдын алу үшін және шекарада бөгелмеу мақсатында сапарға шықпас бұрын өзіңізді базалардан алдын ала тексеріп алуға кеңес береді.


