«Астана – Щучинск» автожолындағы ақау — желідегі видео ескі

Фото: Instagram/kazakhstan.media
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Астана – Щучинск» автожолындағы ақау қысқа мерзімде жойылғанын, ал әлеуметтік желідегі ескі ақпарат жүргізушілерді жаңылыстырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомсвто республикалық маңызы бар «Астана – Щучинск» автомобиль жолындағы цементбетон жабынының жай-күйіне қатысты ресми мәлімдеме жасады.
«2026 жылғы 22 маусымда жол қызметтері жоспарлы мониторинг және диагностикалық жұмыстар аясында «Астана – Щучинск» трассасының Астана қаласы бағыты бойынша 216-шақырымында цементбетон жабынының көтерілуін анықтады. Осы кезеңде өңірде ауа температурасы жоғары болып, шамамен 36–38 градусқа жетті», — делінген хабарламада.
Компания мұндай ауа райы жағдайында цементбетон жабындысы бар учаскелерде бетон плиталарының ішкі температуралық кернеуі пайда болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Дәл осындай тәуекелдерді дер кезінде анықтау үшін жол қызметтері тұрақты негізде тексеру және профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Ақау анықталғаннан кейін аталған учаскеде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылданды», — делінген хабарламада.
ҚазАвтоЖол осылайша патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп көлік ағынын реттеу ұйымдастырылып, уақытша жол белгілері мен жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдары орнатылғанын айтады.
«Ақаудың дер кезінде анықталып, жол қызметтерінің жедел шара қабылдауының арқасында жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Ақау қысқа мерзімде жойылды. Қазіргі уақытта бұл бағытта қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілген», — делінген хабарламада.
Сонымен бірге, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 22 маусым күні аталған жағдай бойынша ресми ақпарат жарияланғанын және жол қызметтері жүргізіп жатқан жұмыстардың барысы да көрсетілгенін мәлімдеді.
«Соған қарамастан, арада екі күн өткеннен кейін әлеуметтік желілерде қысқа мерзімде жойылған ақауды трассадағы әлі де өзекті мәселе ретінде көрсетуге бағытталған материалдар жаппай тарала бастады. Мұндай ақпарат беру тәсілі жүргізушілерді жаңылыстырып, жол қозғалысына қатысушылар арасында негізсіз алаңдаушылық туғызады. Шын мәнінде, бұл – ақаудың жедел жойылғаны және аталған учаскеде қозғалыстың қауіпсіз режимде қамтамасыз етілгені көрсетілмей, ескірген материалдарды тарату», — деп жазылған хабарламада.
Осыған орай, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жол қызметтері, әсіресе ауа температурасы жоғары кезеңде, цементбетон жабындысы бар учаскелерге мониторинг жүргізуді жалғастыратынын жеткізді. Мекеме жүргізушілерден тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуді, жол белгілерінің талаптарын сақтауды, жылдамдық режимін бұзбауды және жол жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде мұқият болуға шақырады.


