NoFake

Жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылады — Бас прокуратура

Фото: magnific.com

ҚР Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде арандатушылық пен алауыздықты қоздыруға жол берілмейтінін ескертті, деп хабарлайды Nofake.kz.
ҚР Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде қоғамда алауыздықты қоздыруға бағытталған арандатушылық сипаттағы жарияланымдар мен пікірлердің таралу фактілері орын алғанын мәлімдеді. Ведомство мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейтінін және заңға сәйкес қатаң түрде қудаланатынын ескертті.

«Мәселен, Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес алауыздықты қоздырғаны үшін жасалған іс-әрекеттің ауырлығына қарай 2 мыңнан 7 мың АЕК дейін айыппұл салу не 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жаза көзделген», — делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен бірге ҚР Бас прокуратурасы Қазақстанда онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынғанын атап өтті.

«Егер мұндай әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», — делінген хабарламада.

Одан бөлек, прокуратура таратылатын ақпараттың шынайылығын тексеруге ерекше назар аудару, сондай-ақ қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін материалдарды жариялаудан және таратудан бас тарту қажеттігін ескертті.

«Жалған ақпаратты орналастырғаны және таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.

Ал көрінеу жалған ақпарат таратқан жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық қарастырылған»,- деп жазылған хабарламада.

ҚР Бас прокуратурасы мұндай жарияланымдардың авторлары ғана емес, оларды саналы түрде таратуға қатысқан адамдарға да құқықтық салдар туындайтынын жеткізді.

Осы ретте Бас прокуратура азаматтарды арандатушылыққа ермеуге, тексерілмеген ақпаратты таратпауға, қоғамдық келісіммен азаматтар арасындағы өзара құрметке нұқсан келтіруі мүмкін жарияланымдар мен пікірлерден бас тартуға шақырады.

Оқу үшін