NoFake

Автокөлік пен жүк тасымалдау кезіндегі алаяқтық: ІІМ азаматтарға ескерту жасады

Фото: polisia.kz

Соңғы уақытта логистикалық платформалар арқылы автокөліктер мен түрлі жүктерді тасымалдау кезінде алаяқтық фактілер жиі кездесетін болған, деп хабарлайды Nofake.kz.

ҚР ІІМ мәліметінше, алаяқтар «Della» және «Fa-Fa.kz» сервистерін пайдаланған. Олар көп жағдайда автокөліктер мен жүктерді Алматы қаласы мен Алматы облысынан еліміздің басқа өңірлеріне жеткізу туралы хабарландырулар орналастырған.

«Хабарландыру жарияланғаннан кейін алаяқтар тапсырыс берушілермен және жүргізушілермен WhatsApp мессенджері арқылы байланысады. Тапсырыс берушілерге өздерін тасымалдауды ұйымдастырушы немесе жүргізуші ретінде таныстырса, жүргізушілерге өздерін жүк иесі ретінде көрсетеді. Екі тараптың да сеніміне кіргеннен кейін тасымалдау шарттары жөнінде келісім жасайды. Алматы қаласынан шыққаннан кейін алаяқтар ұрланған автокөлік немесе жүкті басқа көлікке ауыстырып тиеп, оны өз қалауларынша пайдаланады», — делінген хабарламада.

Ведомство, осылайша 7 маусымда Алматы қаласының тұрғыны полицияға өзінің қымбат автокөлігінің ұрланғаны туралы арызданғанын мәлімдеді.

«Екі күн бұрын белгісіз тұлғалар алдау арқылы оның көлігін иемденіп, 60 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Уақтылы жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері ұрланған автокөлікті тауып, заңды иесіне қайтарды. Қылмыс жасады деген күдікпен үш адам ұсталды», — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен басқа да ықтимал сыбайластары анықталып жатыр.

ҚР ІІМ қылмыстың алдын алу мақсатында азаматтарға қауіпсіздік шараларын ұстануды ұсынады:

  • жүргізушінің жеке куәлігін және көлік құжаттарын мұқият тексеру;
  • тасымалдаушының телефон нөмірін хабарландыруда көрсетілген нөмірмен салыстыру;
  • жүру бағыты мен жеткізудің соңғы нүктесін алдын ала жеке талқылау;
  • интернеттен тасымалдаушы мен жүргізуші туралы пікірлерді зерделеу.

Полиция егер құжаттарда сәйкессіздіктер байқалса немесе күмән туғызатын басқа да жағдайлар анықталса, тасымалдаушының қызметінен бас тартып, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарлау немесе жақын жердегі криминалдық полиция бөліміне жүгінуге кеңес береді.

Оқу үшін